
Қарағанды қаласындағы «Батыл Жүрек» қоғамдық қоры және оның бастамасымен құрылған инклюзивті хореографиялық ансамбль бес жылдық мерейтойын атап өтуде. Осы уақыт ішінде аталмыш жоба дамуында ерекшелігі бар балалар мен олардың отбасылары үшін әлеуметтену мен шығармашылық өзін-өзі жүзеге асырудың маңызды алаңына айналды.

Ерекше баланың анасы — Гаухар Әкіжановаға бес жыл бұрын физикалық және менталдық ерекшеліктері бар балалардың өзгелермен тең дәрежеде спортпен және шығармашылықпен айналыса алатын орта қалыптастыруды мақсат етті. Жүзу, бочча, таэквондо және би үйірмелерін ашуды жоспарлады. Бұл бастаманы шамамен 80 отбасы қолдады.
2020 жылы «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының бастамасымен және әлеуметтік серіктесі — «Batyl Jyreq» қайырымдылық қорының қолдауымен «Саламатты болашақ» әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып, бейімделген және инклюзивтік спорт секциялары ашылды.
Жобаның негізгі демеушісі — Samruk–Kazyna Trust қоры, ол әрбір баланың дамуы мен әлеуетін ескере отырып, болашаққа инвестиция салуды басты міндет етіп отырған ұйым.

Көп ұзамай әртүрлі диагнозы бар балалармен — церебралды сал ауруынан бастап аутистік спектрдегі бұзылыстарға дейін — жұмыс істеуге дайын хореограф табылды. Кейін ұйымдастырушылық мәселелер де шешімін тапты: «Батыл Жүрек» қоры, Samruk Kazyna Trust және Қарағанды қаласының әкімдігі арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, Достық үйі сабақ өткізуге арналған ғимарат ұсынды.

Бүгінде ансамбльде 20 бала жаттығады. Олардың қатарында тірек-қимыл аппараты бұзылған, менталдық ерекшелігі бар және нормотипті балалар бар. Барлығы бір сахнада, бір ұжымда дайындалады, бұл айқын нәтижесін беруде.

— Біз — нағыз инклюзивті ансамбльміз, барлық баланы қабылдаймыз. Осы жылдар ішінде балалар шығармашылық тұрғыдан ашылып қана қоймай, әлеуметтенуде үлкен қадам жасады. Біздің тәрбиеленушілеріміздің бірі — аутизмі бар бала — мерейтойлық концертте ҚарУ студентімен дуэт болып ән шырқайды. Ол бізге келгенде мүлде сөйлемейтін. Ал тағы екі бала — бірі ДЦП-мен, екіншісі Даун синдромымен ауыратын балалар — уақыт өте келе кәдімгі би ұжымдарына ауысты, — дейді жоба үйлестірушісі Гаухар Әкіжанова.

Оң өзгерістерді ата-аналар да атап өтеді. Амандықтар отбасында үш қыздың үшеуі де ансамбльге қатысады. Үлкендері — Карима мен Әдия — нормотипті, ал кенже қызы Фатимада эпилепсия мен ДЦП диагнозы бар.

— Алғашында Фатима сабақта бірнеше минут қана отыра алатын, жүре де, сөйлей де алмайтын. Қазір ол әпкелерімен бірге би билейді, сахнаға шығады, жалпы білім беретін мектепте оқиды. Мұның бәрі — «Батыл Жүрек» ұжымындағы сабақтардың нәтижесі, — дейді қыздардың анасы Гүлнара.

Қор тек балалар үшін ғана емес, ата-аналар үшін де үлкен қолдау алаңына айналды. Гүлнараның айтуынша, ерекше баланың дүниеге келуі көбіне аналардың әлеуметтік оқшаулануына, қорқыныш пен түсінбеушілікке алып келеді.
— Ата-ана үшін ең бастысы — баласын қабылдап, бұл жолда жалғыз қалмау. Қолдау мен орта болғанда, өмір біртіндеп жақсы жаққа өзгереді, - дейді ол.
Алдағы уақытта ансамбль құрамын кеңейту, кіші топ ашу және екінші хореографты тартуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар ұжым Қазақстаннан тыс жерлерде гастрольдік сапарлар ұйымдастыруды армандайды. Алайда бұл үшін қосымша қаржылық қолдау қажет.
— Біз Астанада және еліміздің басқа қалаларында өнер көрсеттік. Енді балаларымызды шетел сахнасында да танытқымыз келеді. Костюмдер тігуге демеушілер көмектеседі, ал сапар шығындарына қосымша қаражат қажет, — дейді Гаухар Әкіжанова.

Жобаның тағы бір маңызды мақсаты — Қазақстанда инклюзивті мәдениетті дамыту және дамуында ерекшелігі бар балалардың да талантты, шығармашыл бола алатынын көрсету.

«Бір сахна — бір жүрек» атты мерейтойлық концерт 30 қаңтар күні сағат 15:00-де Студенттер сарайында (Университет көшесі, 28) өтеді. Сахнада «Батыл Жүрек» қорының тәрбиеленушілері мен академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттері өнер көрсетеді.