
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрылды. Бұл – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган, оның негізгі міндеті – Конституцияға ықтимал өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу.
Құжатқа сәйкес, комиссия төрағасы болып Конституциялық соттың төрайымы Эльвира Азимова тағайындалды. Оның орынбасарлары – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева. Комиссияның хатшысы қызметін ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі Айдар Жарылғанов атқарады.
Комиссия құрамына жүзден астам адам енді. Олардың қатарында Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың, сот жүйесінің, құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, бизнес пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, облыстар мен қалалар мәслихаттарының басшылары, сарапшылар мен қоғам қайраткерлері бар.
Қарағанды облысынан Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамына үш өкіл кірді:
Бекзат Алтынбеков – «Amanat» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесінің мүшесі;
Нұрлан Дулатбеков – Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің ректоры;
Нұркен Қобжанов – Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы.
Жарлықтың мәтіні Ақорда сайтында жарияланған: akorda.kz.
Комиссияның толық құрамы мына сілтеме бойынша қолжетімді: akorda.kz/assets/media.