
Бұқар жырау ауданында өткен жылы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 192,4 млрд теңгеге жетіп. Бұл туралы аудан әкімі Ерлан Құсайын Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді. Өнеркәсіптік әлеуетті арттыруда «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы маңызды рөл атқарып отыр. 2025 жылы мұнда жалпы құны 83 млрд теңгені құрайтын үш ірі жоба іске қосылды. Ал биыл тағы үш өндіріс орнын пайдалануға беру жоспарланған. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауданның инвестициялық тартымдылығын күшейтуге ықпал етпек.

Аудан үшін 2025 жыл тұрақты дамуымен ерекшеленді. Әкімнің айтуынша, экономикада орнықты оң серпін қалыптасқан, ал өсімнің негізгі қозғаушы күші ретінде өнеркәсіп саласы өз позициясын сақтап отыр. Қазіргі таңда ауданда 45 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, олардың қызметі өндіріс көлемін өткен жылмен салыстырғанда шамамен екі есеге арттыруға мүмкіндік берген. Бұқар жырау ауданының облыстың тау-кен өнеркәсібіндегі үлесі 14,4 пайызды. Өңдеу секторында үш мыңнан астам адам еңбек етеді.
Шағын және орта бизнестің дамуы да оң динамика көрсетуде. Ауданда 3675 ШОБ субъектісі тіркеліп, онда 7,6 мың адам жұмыспен қамтылған. Бөлшек сауда көлемі 12,5 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 30 пайызға өсті. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында алты кәсіпкерлік жоба қаржыландырылды.
Әлеуметтік сала да назардан тыс қалған жоқ. Ерлан Құсайынның айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары тұрғындар үшін нақты әрі нәтижелі болуы тиіс. Осы орайда «Супер Ботақан» балабақшасында қосымша топтар ашылып, мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі артты.

Агроөнеркәсіп кешені аудан экономикасының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 92,1 млрд теңгені құрап, оның 56 млрд теңгесі мал шаруашылығы саласына тиесілі. Аудандағы жеті құс фабрикасы 363 млн дана жұмыртқа өндіріп, бұл Қарағанды облысының сұранысының 58 пайызын қамтамасыз етті.
Өсімдік шаруашылығында дәнді және майлы дақылдардың егіс алқаптары кеңейтілді. Негізгі стратегиялық міндеттердің бірі — суармалы жерлерді қалпына келтіру және ұлғайту. Бұл бағытта суармалы алқап көлемін 12,6 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Аграрлық секторда алты инвестициялық жоба жүзеге асырылып, соның нәтижесінде шамамен 80 жаңа жұмыс орны ашылды.
Қазіргі таңда Бұқар жырау ауданында азық-түлік өнімдерінің 140-тан астам түрі өндіріледі. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау және бағаны тұрақтандыру мақсатында Қарағанды қаласында әлеуметтік павильон ашылып, онда өнімдер тұтынушыларға делдалсыз, тікелей ұсынылуда.