
«Қоршауларды жою» жобасын қалалық билікке урбанистика орталығы ұсынды. Басты идея - қаланы жаяу жүргіншілерге ыңғайлы ету және қоғамдық кеңістікті барынша жақсарту.
Бастамашыл топ Қарағанды саябақтарынан бастауды жоспарлап отыр.
- Ешқандай функционалдығы жоқ қоршауларды алып тастау керек. Этнопаркте, Майқұдық саябағында және Орталық саябақтың Чкалов көшесі жағынан қоршауларды алып тастау жоспарлануда. Бұл қала тұрғындарының ең көп баратын жерлері. Бір кездері мұндағы қоршаулар қажет болған шығар, бірақ қазір олар қаланың көркін бұзып, адамдардың өтуіне кедергі келтіруде, - дейді суретші және Қарағанды урбанистика орталығының жетекшісі Шыңғыс Қасымов.
Белсенділер автокөліктерден қоршау ретінде қолданылатын жол бойындағы қоршауларды алып тастамайды. Олар қаланың барлық эстетикасын бұзатын қажетсіз және ескірген қоршаулардан арылу керек деп санайды. Сонымен қатар, бүгінде ол бөгеттер ешкімді тоқтатпайды. Қауіпсіздік мәселесін заманауи әдістермен - бейнебақылау және қашықтан қорғау арқылы оңай шешуге болады.
Қазір урбанистика орталығы бұл мәселені аудан әкімдерімен және саябақтарды басқару мекемесімен пысықтап жатыр. Қарағандыдағы «қоршауды жоюға» қоғамдық ұйым тек кеңес беруші тарап бола алады.