Қарағанды облысында үздік сынып жетекшісі анықталды

Қарағанды облысында үздік сынып жетекшісі анықталды

Қарағанды облысында жалпы білім беретін мектептер арасындағы үздік сынып жетекшісі белгілі болды. Биылғы облыстық байқауда жеңіс Ә. Ермеков атындағы мектеп-лицейдің педагогы Өмірсерік Несіпбаевқа бұйырды.

Ұстаздың айтуынша, сыныппен жұмыстың өзегі — жеке үлгі мен күнделікті қарым-қатынас. Ал тәрбиенің басты құндылығы ретінде ол адалдықты алға қояды.

— Балаларға адалдықты тек сынып сағаттары мен тәрбиелік іс-шаралар арқылы емес, ең алдымен, күнделікті іс-әрекет пен жеке қарым-қатынас арқылы дарытуға тырысамын. Оқушылардың тұлғалық дамуына, жауапкершілігі мен өзіне деген сенімін қалыптастыруға, еңбекқорлыққа, қателіктерді саралай білуге және өз ойын ашық жеткізуіне ерекше мән беремін. Бұл байқаудағы жеңіс — мақсат емес, атқарылған жұмысты бағалап, жаңа белестерге ұмтылуға берілген мүмкіндік. Ең маңыздысы — шәкірттермен бірге үнемі үйреніп, қатар дамып отыру, — деді педагог.

Өмірсерік Несіпбаев 6 «Ә» «Самұрық» сыныбының жетекшісі. Ұстаздың айтуынша, сынып атауы дамуға, биік мақсаттарға ұмтылуға және үздіксіз ілгерілеуге деген ниетті білдіреді. «Адал азамат» бағдарламасы аясында бұл сыныпта авторлық әрі дәстүрлі тәсілдерден тыс тәрбиелік жобалар жүзеге асырылуда. Негізгі басымдық оқушылардың зияткерлік әлеуетін арттыруға, үстірт білімге жол бермеуге, білім олқылықтарын жүйелі түрде толықтыруға және тұрақты өзін-өзі дамытуға бағытталған.

Сондай-ақ ата-аналармен өзара ынтымақтастыққа айрықша назар аударылады. Себебі мектеп пен отбасының серіктестігі баланың тұлға ретінде қалыптасуында шешуші мәнге ие.

Сынып жетекшілері арасындағы байқау үш кезеңде — мектептік, қалалық және облыстық деңгейде ұйымдастырылды. Қорытынды кезеңге 15 педагог қатысып, олар өздерінің тәрбие жұмыстарының нәтижесін таныстырып, кейс-сессияға қатысты және «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында әзірлеген авторлық сынып сағаттары жобаларын қорғады.

Қатысушыларға оқушылар ұжымын ұйыстыруға, қолайлы білім беру ортасын қалыптастыруға және тұлғалық дамуға бағытталған креативті тәрбие жоспарларын әзірлеу тапсырылды. 

Қазылар алқасы тәрбие жұмысының жүйелілігі мен нәтижелілігін, практикалық міндеттерді шешу қабілетін, сондай-ақ атқарылған жұмыстың ұзақ мерзімді тиімділігін кешенді түрде бағалады. Авторлық бағдарламалардың, әдістемелік құралдардың және практикалық ұсынымдардың болуы қатысушыларға қосымша артықшылық берді.

II дәрежелі диплом Елена Тулакпаеваға (Бұқар жырау ауданы, Көкпекті ауылы) және Естай Ғасырбекке (Абай ауданы, Абай атындағы тірек мектеп) табысталды. Қола жүлдені Жадыра Қыдырасқар (Балқаш қаласындағы «Зияткер» мамандандырылған мектеп-лицейі), Әлия Смақова (Қарқаралы ауданы, Қ. Смайылов атындағы №43 тірек мектеп-интернаты) және Анастасия Смиян (Нұра ауданы, Ш. Уәлиханов атындағы мектеп) иеленді.

Қорытынды кезеңнің барлық қатысушылары сертификаттармен марапатталды. Сонымен қатар Қазақстандық білім, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық ұйымы байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы сыйлықтар тағайындады.