
Қарағандыда көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқын алуда. Қалада жаңа автожолдар салынып, «ақылды» бағдаршамдар енгізіліп, қоғамдық көлік паркі кезең-кезеңімен жаңартылуда. Негізгі жобалардың бірі – Мұқанов көшесі бойымен салынатын жаңа автожол. Ұзындығы 6 шақырымды құрайтын бұл магистраль Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс ауданын жалғап, қолданыстағы жолдарға түсетін жүктемені айтарлықтай азайтпақ. Төрт жолақты автожол жарықтандыру жүйесімен, веложолақпен, жаяу жүргіншілер тротуарларымен және автотұрақтармен жабдықталады. Жолдың бір бөлігі қазірдің өзінде салынған, құрылыс жұмыстары алдағы уақытта жалғасады.

Көлік инфрақұрылымын жаңғырту барысы Қарағандыны дамыту мәселелері қаралған жиында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа баяндалды.
2025 жылы жол жөндеу және құрылыс жұмыстары қала көшелерінің 80 шақырымнан астам аумағын қамтыды. Екі учаскеде күрделі жөндеу жүргізіліп, бір жол қайта жаңғыртылды, үш жаңа автожол салынды. Орташа жөндеу аясында 50 көшеде 76 шақырымнан астам жол жабыны жаңартылды.

– 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, бес автожол салу көзделіп отыр. Олар – Бөкетов, Приканальная және Университетская көшелері, Мұқанов көшесі бойындағы магистральдің жалғасы, сондай-ақ Волочаевская мен Бауыржан Момышұлы көшелерінің арасындағы жаңа шағын аудандағы орамішілік жолдардың аяқталуы. Сонымен қатар жол жөндеу жұмыстары да жалғасады. Нәтижесінде жақсы және нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 88%-ға жетеді, – деді Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов.

Қалада қозғалыс қауіпсіздігі мен цифрландыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Smart city жобасы аясында жасанды интеллект элементтері бар «ақылды» бағдаршамдар жүйесі енгізіліп, олар Yandex карталарымен біріктірілген. Көлік ағынын талдайтын «Аргус-жаяу жүргінші» кешендері, сондай-ақ автотұрақтардың бос немесе бос еместігін нақты уақыт режимінде көрсететін park.king жүйесі орнатылған. Қазіргі таңда бұл міндеттерді орындауға қаланың 350 бейнебақылау камерасы тартылған.
Қоғамдық көлік жүйесі де дамып келеді. Жолаушылар сапарларының 95 пайыздан астамы қолма-қол ақшасыз төлем арқылы жүзеге асырылады. Өткен жылы автобус паркі 70 жаңа көлікпен толықты. Соңғы үш жылда автобустардың орташа пайдалану мерзімі 11 жылдан 6 жылға дейін қысқарды. Бағыттардың қозғалыс кестелері жаңартылып, кейбір маршруттарда қатынау уақыты ұзартылды, сондай-ақ екі қалалық бағыттың жұмысы қайта жанданды.