
Қарағанды қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Құдайберген Бексұлтанов, Асхат Аймағамбетов және Үнзил Шапақ академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Тарих факультетінің ұжымымен кездесті.

Кездесуді ашқан Құдайберген Бексұлтанов ғылыми қауымдастықтың әр буынының өкілдерін құттықтап, олардың білім беру саласына қосқан үлесін атап өтті.
— Бүгін жанымызға жақын осы ордада болып, сіздердің сұрақтарыңызға жауап беру біз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Жаңа жыл құтты болып, береке әкелсін. Ең бастысы — бірлік пен келісім болсын, — деді депутат.
Ол сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және депутаттық корпустың белсенді қатысуымен ел дамуына бағытталған маңызды заңнамалық шешімдер қабылданып жатқанын еске салды.

Алдағы реформаларға ерекше тоқталған Үнзилә Шапақтың айтуынша, жуырда Мемлекет басшысының берген сұхбаты 2026 жылға арналған жұмыстың нақты бағытын айқындап берді және бұл жыл ауқымды өзгерістер кезеңі болмақ.
— Президент 2026 жылды реформалар жылы деп атады. Мен Парламенттің конституциялық реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобының мүшесімін. Қараша айынан бері үш отырыс өтті, алда — төртіншісі. Бастапқыда Конституцияның шамамен үштен бірін өзгерту жоспарланған еді, алайда азаматтар мен сарапшылар қауымынан түскен ұсыныстардың көптігіне байланысты түзетулер көлемі едәуір кеңейіп отыр, — деді ол.

Асхат Аймағамбетов депутаттық жұмыстың нақты нәтижелеріне назар аударды. Оның айтуынша, депутаттық корпус Қарағанды облысына қаржы бөлінуі үшін, соның ішінде облыстық онкологияның операциялық-реанимациялық блогын қаржыландыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді.
— Мұнда мыңдаған адам ем алып, дәрігерлер өмір сақтайтын болады. Мұндай шешімдер біздің жұмысымызда аз емес, — деп атап өтті депутат.

Сондай-ақ ол университет оқытушыларын жылы лебізбен еске алып, олардың жоғары кәсібилігі мен өз ісіне деген шынайы адалдығын, түлектердің лекцияларын ұзақ жылдар бойы ұмытпайтынын айтты.

Кездесу барысында әлеуметтік бастамалар да көтерілді. Атап айтқанда, балаларды ерте жастан қолдауға бағытталған жаңа білім беру бағдарламасы сөз болды. Бес жастан бастап балалар мемлекет тарапынан елеулі қолдауға ие бола алады. Ұсынылып отырған түзетулерге сәйкес, ата-аналар баланың атына шот ашып, 12 АЕК енгізеді, ал мемлекет қосымша 60 АЕК аударады. Жиналған бұл қаражат кейін жоғары оқу орнына түсуге немесе тұрғын үй сатып алуға қомақты қолдау болмақ.
— Бұл бағдарлама болашақта өз рөлін міндетті түрде атқарады, тек банк таңдауға жауапкершілікпен қарау маңызды, — деп атап өтті Құдайберген Бексұлтанов.

Кездесуді қорытындылаған «Аманат» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков депутаттардың жұмыс сапарлары жүйелі түрде ұйымдастырылатынын және ғылыми қауымдастықпен кездесудің кездейсоқ емес екенін айтты.
— Кез келген жоба мен бағдарлама ғылыми негізге сүйенуі тиіс. Ғылым қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші, ал жүзеге асырылып жатқан бастамалар жұртшылықтың назарында болып, халық арасында үлкен қызығушылық тудырып отыр, — деді ол.