
Жаңа жыл жақындаған сайын Қарағанды көз тартарлық кейіпке еніп, түрленіп кетті: көшелер сан құбылған шамдармен нұрланып, саябақтар мен гүлзарлар мерекелік әшекеймен безендірілді, ал сәнді шыршалар, тақырыптық композициялар мен фото аймақтар қала тұрғындары мен қонақтарына нағыз ертегі әлемін сезіндіреді.

Осындай мерекелік кеңістіктің тәулік бойы сақталуына саябақтар мен гүлзарлар басқармасының қызметкерлері жауапты. Біз солардың бірі — басқарманың суретші-безендірушісі Марина Зворыгинамен әңгімелесіп, қысқы қаланы мерекеге айналдыратын еңбектің қыр-сырына үңілдік.

Биылғы жаңа жылдық безендірудің басты нышанына айналған Орталық саябақ Қарағандының мерекелік келбетіне ерекше көрік қосты. Мұнда алып жарықтандырылған кит орнатылып,

әсерлі қысқы фотосуреттерге арналған тұтас бір эскимос тұрақтары — вигвамдар, бұғылар мен ит жеккен шаналар жасақталды.

Әрбір элемент қала тұрғындарын қысқы ертегіге жетелейтіндей әсер қалдырады.

— Жаңа жылға дайындықты екі-үш ай бұрын бастаймыз. Басқа қалалар мен елдердің тәжірибесінен шабыт аламын, интернеттегі идеяларды зерделеймін, бірақ ешқашан дайын нұсқаны сол күйі көшірмеймін. Қазір жасанды интеллект те көмектеседі, алайда онымен дұрыс жұмыс істемесең, күткен нәтиже шықпайды. Тұжырымдаманы әзірлегенде материалдарды, дайындау технологиясын және уақытты алдын ала есептейміз — барлығын дер кезінде жүзеге асыру маңызды, — дейді Марина Зворыгина.

Қала безендіруінде бүгінде жарық инсталляциялары басты орынға ие. Қыста күн қысқарып, ерте қараңғы түсетіндіктен, дәл осы жарық адамдарға жылулық пен сиқырлы көңіл күй сыйлайды.

Әрбір гирлянданың жанып тұруы мен әрбір мүсіннің қауіпсіздігі — арнайы мамандар тобының тұрақты бақылауында. Егер әшекей элементі істен шықса, оны ең алдымен тазалық қызметкерлері байқап, дереу жөндеу бригадасына хабарлайды. Сонымен қатар басқарма қызметкерлері безендіру нысандарының жай-күйін тексеру үшін жүйелі түрде рейдтер жүргізеді.

— Кейде әшекейлер ауа райының қолайсыздығынан, кейде тұрғындардың салғырттығынан бұзылады. Өкінішке қарай, қалалық мүлікке бәрі бірдей ұқыпты қарай бермейді. Мүсіндер әсемдік үшін қойылады, ал оларды суретке түсу үшін міну қауіпті әрі зиян келтіреді. Соған қарамастан, біз бәрін қалпына келтіреміз: шыныталшықпен жұмыс істейміз, тегістейміз, жөндейміз, — дейді суретші.

Сонымен қатар қарағандылықтардың басым бөлігі мамандардың еңбегін жоғары бағалап, ризашылығын ашық білдіріп келеді. Әлеуметтік желілердегі жылы пікірлер соның айқын дәлелі.
«Жыл сайын бұрынғыдан да әдемі болып келеді. Үлкен рақмет!» — деп жазады zhanar8383 қолданушысы park.krg ресми Instagram парақшасындағы жазба астында.
«Аяз ата тізгіндеген жылқылар шеруі ерекше әсер қалдырады. Қыста Каскадтағы субұрқақ жаз мезгілінен де көрікті», — деп пікір білдірген қала тұрғыны zarina_design.

Марина Зворыгина өзі пікірлерді жиі оқи бермейтінін жасырмайды — уақыт тапшы. Алайда тұрғындардың алғысы міндетті түрде жетеді.
— Бізде қала тұрғындарының ұсыныстары мен ескертулерін қадағалап отыратын арнайы қызметкерлер бар. Жақсы пікірлер жұмыс тобына жолданады. Әрине, мұндай лебіздер үлкен мотивация береді, — дейді Марина Зворыгина. — Біз баршаға ұнайтын, адамдарға шынайы мерекелік көңіл күй сыйлайтын орта қалыптастыруға бар күшімізді саламыз.