
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Saryarqa телеарнасына берген сұхбатында 2025 жылдың қорытындыларын жасады. Ол өңірде жүзеге асырылған шешімдердің әсері мен жетістіктерін бағалап, қандай бағыттарда қиындықтар болғанын да ашық айтты.
— Кейбір шешімдер біз күткендей нәтиже бермеді деп айту дұрыс емес. Кей жағдайларда нәтиженің көрінуі үшін уақыт керек. Жалпы алғанда, инфляция мәселесі бар. Біз бірқатар шаралар қабылдадық: тауарлық интервенциялар, жәрмеңкелер, ӘКК арқылы жеткізілімдер, кейбір тауарлардың бағасын бақылау, сондай-ақ нан-тоқаш комбинаттарына арзандатылған ұн жеткізу. Жыл басында жағдай күрделі болды, бірақ қазір инфляцияның бәсеңдегенін көріп отырмыз, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Жетістіктерді сөз еткенде облыс әкімі тұрғындардың өмірінде нақты өзгерістерге әкелген жобаларды мысалға келтірді.
— Жеңістер көп және әртүрлі. Ауылдық жерлерде жаңа медициналық пункттер ашылды, бұл тұрғындар үшін үлкен жаңалық. Мысалы, Карқаралы ауданында ұзақ жылдар шешілмей келген су мәселесі «Жарлы–Карқаралы» су құбырын салу арқылы түпкілікті шешілді. Қазір тұрғындар таза ауыз суды негізгі магистральдан ала алады. Приозерск қаласында бұрын болмаған ДСК ашылды. Ал облыс орталығында ауқымды жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа өндіріс орындары іске қосылды, — деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, ол Qarmet металлургиялық комбинатындағы оң өзгерістер мен өндірістік модернизацияның маңыздылығын атап өтті.
— Жалпы алғанда, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы оң бағытта. Біз алға қойған мақсаттарымызды жүйелі түрде іске асырудамыз, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.