Қарағандылық "Менің Қазақстаным" Халықаралық марафонына қатысқаны үшін марапатқа ие болды

Қарағандылық "Менің Қазақстаным" Халықаралық марафонына қатысқаны үшін марапатқа ие болды

Қарағандылық жас әнші Ислам Күшенов "Менің Қазақстаным" Халықаралық музыкалық челленджіне қатысқаны үшін ҚР Мәдениет және спорт министрінің алғыс хатын алды. Марапатты оған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы табыс етті.

Ислам Күшенов Кеншілер мәдениет сарайының "Шабыт" эстрадалық ән үйірмесінде айналысады.

"Менің Қазақстаным" Халықаралық музыкалық марафонын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды. Байқау белгілі композитор, әнші, қазақ эстрадасының негізін қалаушылардың бірі, Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толуына арналды.

Музыкалық байқауға қазақ музыкасының алтын дауысы Бибігүл Төлегенова бастама берді. Ол "Қайықта" әнін орындады. Одан әрі эстафетаны қазақстандық эстраданың танымал әншілері қолдады. Халықаралық музыкалық байқауға әлемнің 30-дан астам елінен мыңнан астам адам қатысты. Челлендж 300 мыңнан астам көрерменді қамтыды.