Қарағандыда шағын футбол бойынша Балапан Әбеновты еске алу Кубогының жеңімпаздары анықталды

Қарағандыда шағын футбол бойынша Балапан Әбеновты еске алу Кубогының жеңімпаздары анықталды

Қарағандыда мемлекет және қоғам қайраткері Балапан Әбеновтің құрметіне арналған ашық турнир өтті. 2018 жылдан бері өткізіліп келе жатқан жарыс биыл алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылды.

Додаға еліміздің әр өңірінен 2012–2013 жылы туған 24 команда қатысып, жас футболшылар тартысты ойын көрсетті. Ереже бойынша командалар бірнеше топқа бөлініп, әрқайсысы үш кездесуден өткізді. Топтық кезеңнен кейін жарыс плей-офф форматында жалғасты — мұнда әр қателік шешуші рөл атқарды.

Турнир қорытындысында Астананың «Спарта» командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды «Жаңаарқа-2012», ал үшінші орынды қарағандылық «Жас қыран» иеленді.

Айта кетсек, астаналық «Спарта» турнир бойы қақпасына бар болғаны бір гол ғана жіберген.

– Финал біз үшін оңай болған жоқ. Алғашқы минуттарда қарсылас есеп ашты. Тайм-аут кезінде бапкеріміз нақты тапсырмалар беріп, біз қысымды күшейттік, нәтижесінде есепті теңестіріп, жеңіс добын соқтық. Есеп – 2:1, көптен күткен кубок біздің қолымызда! – деді қуанышын бөліскен команда қақпашысы Дінмұхаммед Қорғанбек.

Командалық жүлделерден бөлек, үздік ойыншыларға арнайы номинациялар бойынша марапаттар табысталды: «Үздік қақпашы», «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы», «Үздік ойыншы» және «Көрермен көзайымы».

Жеңімпаздар кубоктармен қатар ақшалай сыйлықтарға да ие болды.

Фото: Ербол Ерболат