
Энергия тиімді бірегей жылыжай құру идеясы мен бастамасын бизнесмен Төлеш Омаров алға тартып отыр. Бұл жоба дизайнымен ғана емес, сонымен қатар материалдар мен технологиялармен де ерекше. Мұндай құрылыстың баламасы әзірге Қазақстанда жоқ.
Жылыжай жер астына топырақтың қату деңгейінен 2,5 метр төмен түседі. Сонымен қатар, құрылым неғұрлым терең орналасса, ондағы температура жыл бойына соғұрлым тұрақты болады. Қыста суық емес, жазда ыстық емес. Демек, оны термос жылыжай деп те атауға болады.
«Жезқазған аймағының шөлді аумағында климаттың өзгеруіне бейімделуге көмектесетін агротехнологияларды ілгерілету» жобасы аясында жасыл технологиялар бойынша сарапшы Андрей Матвеев құрылыстың барлық кезеңдеріне консультациялық қолдау көрсетті.
- Пиролиз қазандығының көмегімен бөлмені қосымша жылыту қамтамасыз етіледі. Бұл технология атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын азайтуға және отын тұтынуды төмендетуге мүмкіндік бере отырып, өзін жақсы қырынан көрсете білді. Жылыжайда жүйектер көлденең орналасқан, ол өз кезегінде өсімдіктердің өсуіне жақсы жағдай жасайды, - дейді Андрей Матвеев.
Болашақ жылыжайға арналған топырақтың арнайы құрамы шымтезек, гидрогель және вермикулит көмегімен есептелді. Бұл өндірісті экологиялық таза етуге және суаруға қажетті су мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Тамшылатып суару жүйесімен бірге бұл су ресурстарын 50%-ға дейін үнемдеуді қамтамасыз етеді. Бұл жағдайда өнімділік 20-30% артады.
Сонымен қатар, жылыжайда өзінің вермифермасы құрылды. Калифорниялық құрттардың көмегімен қалдықтар органикалық тыңайтқыш биогумусқа айналады.
- Біз қиярдан, қызанақтан және құлпынайдан бастауды жоспарлап отырмыз, ал болашақта банан өсіруге тырысамыз, - деп жоспарларымен бөлісті Төлеш Омаров.
Жылыжайда көшет өсіру басталды. Жақын арада Жезқазған өңірі жергілікті экологиялық таза азық-түлікпен қамтамасыз етілетін болады.
Жоба Қазақстандағы БҰҰДБ арқылы жүзеге асырылатын Жаһандық Экологиялық Қордың шағын гранттар бағдарламасының қаржылық қолдауымен «ЭкоОбраз» ҚБ орындалуда.