Қарағанды облысы тұрғындарына жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін сақтау ережелерін еске салды

Қарағанды облысы тұрғындарына жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін сақтау ережелерін еске салды

Қарағанды облысында әлеуметтік осал санаттағы тұрғындардың үйлеріне өрт және газ дабылқаққыштарын орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Биылдың өзінде 4,3 мыңнан астам өрт хабарлағышы орнатылған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Құрмет Жұмекенов облыстық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында мәлімдеді.

– Дабылқаққыштардың дер кезінде іске қосылуының арқасында жүздеген адамның өмірі мен денсаулығын сақтап қалдық, – деп атап өтті Құрмет Жұмекенов. – Жылыту маусымы басталғалы бес жағдайда құрылғылар уақытылы дабыл беріп, қайғылы жағдайдың алдын алды. Қажетті құрал-жабдықтар жергілікті бюджет есебінен және демеушілердің қолдауымен сатып алынады. Кей аудандарда кәсіпкерлер көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға арналған үйлерге орнату үшін дабылқаққыштарды тегін ұсынып отыр.

Биыл департамент қызметкерлері мен әкімдік өкілдері бірлесіп, 11 мыңнан астам ауланы аралап, 32 мыңға жуық адамды қамтыған. Алайда тұрғындардың барлығы бірдей тексеруге келісім бермейді. Орта есеппен тек 20 пайызға жуық азамат қана пештерін үй ішінде тексеруге мүмкіндік береді. Пеш сыртта орналасқан жағдайда қауіп аздау, бірақ үй ішінде орнатылған пештер ерекше назарды қажет етеді. Мұндай үйлерде мамандар өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, анықталған бұзушылықтарды жоюға көмектеседі. Әсіресе әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларға басымдық беріледі.

Қазір облыс аумағында «Өрт қауіпсіздігі» айлығы өтіп жатыр. Инспекторлар тұрғындарға жылыту кезеңінде қарапайым, бірақ маңызды ережелерді сақтау қажеттігін еске салады: мұржаны үнемі тазалап тұру, пешті шамадан тыс қыздырмау, оны қараусыз қалдырмау, пеш маңында жанғыш заттарды сақтамау және оларды от жағуға пайдаланбау керек. Мұндай қарапайым сақтық шаралары қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді.

Өрттердің негізгі себептері өзгеріссіз қалып отыр — жылыту құрылғыларының техникалық ақаулары, пештерді пайдалану ережелерін бұзу және тұрғындардың немқұрайлылығы.