Теміртауда жекеменшік секторды газдандыру жұмыстары жалғасуда

Теміртауда жекеменшік секторды газдандыру жұмыстары жалғасуда

Теміртауда қаланы газдандырудың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба 2020 жылы басталып, Соцқалашық пен «Отрадное» шағын ауданынан бастап Оң жағалау мен АБВ ықшамаудандарына дейінгі барлық жеке секторды қамтиды. Барлығы 6 мыңнан астам тұрғын үйді көгілдір отынға қосу жоспарланған.

Бүгінде 3,5 мыңнан астам үй иелері табиғи газға қол жеткізген. Бұл — жалпы жоспарланған көлемнің жартысынан көбі. «QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының деректеріне сәйкес, қосылуға 2600-ден астам техникалық шарт берілген.

Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде: жаңа газ тарату желілері мен газ реттеу пункттері салынуда, жабдықтар сынақтан өткізілуде. Тартылған желілердің жалпы ұзындығы 215 шақырымнан асады.

– Газдандыру – Теміртау үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Біз тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасап, сонымен қатар экологиялық жүктемені азайтып отырмыз. Бүгінде мыңдаған отбасы заманауи әрі экологиялық таза отын түріне көшу мүмкіндігіне ие болды, – деді қала әкімі Ғалым Әшімов.

Газбен қамту жүйесі үш кезектен және сегіз іске қосу кешенінен тұрады.

Бірінші кезек Соцқалашық пен «Отрадное» шағын ауданын қамтиды. Мұнда үйлердің шамамен 70 пайызы көгілдір отынға қосылған.

Екінші кезек – Ескі қала мен Оң жағалау. Бұл аумақтарда құрылыс жұмыстары аяқталып, абоненттерді қосу кезеңі жүріп жатыр.

Үшінші кезек – АБВ ықшамаудандары мен Достық төбесі. Мұнда мердігер ұйымдар желілерді тартуды және қысым сынақтарын аяқтауда. Барлық жұмыстарды жыл соңына дейін толық бітіру жоспарланған.