
Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мен қарыз жүктемесін азайту мәселесін ерекше атап өтті. Осы мақсатта «Amanat» партиясының бастамасымен қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасы азаматтарға өз қаржысын дұрыс басқаруға және борыш құрсауынан шығуға нақты көмек көрсетіп келеді.
Қарағанды облысында қаржылық сауаттылыққа арналған тегін курстарға қызығушылық артып отыр. Мәселен, тек Шахтинск қаласының өзінде жыл басынан бері жоба аясында жүзден астам тұрғын оқудан өтті. Тыңдаушыларға жеке бюджетті сауатты жоспарлау, артық шығыннан арылу және қаржылық қауіпсіздік қалыптастырудың жолдары түсіндірілді.
Алайда тәжірибе көрсеткендей, дәріс пен тренингтер жеткіліксіз — тұрғындарға кешенді құқықтық және әлеуметтік қолдау қажет.
– Біз әр отбасының қаржылық жағдайын егжей-тегжейлі талдаймыз. Несиесін 90 күннен астам уақыт өтей алмай жүрген азаматтарды анықтап, оларға көмектесеміз. Әр жағдай жеке қаралады. Кейде адамның ауыр науқасқа шалдығуы немесе жұмыссыз қалуы төлем қабілетіне әсер етеді. Мұндай жайттар несиені қайта құрылымдау немесе банкроттық рәсімінде ескеріледі, – дейді Шахтинск қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік бағдарламалар секторының бас маманы Марина Ким. – Егер адам жұмыссыз болса, оны еңбекке орналастыруға тырысамыз. Әрине, кейбір азаматтар өз мүмкіндігін дұрыс бағаламай, қарызға батып жатады.
Мамандардың айтуынша, банкрот деп тану рәсімі кез келген адамға қолданылмайды — бұл ұзақ әрі күрделі процесс. Сонымен қатар, банкрот деп танылған азаматқа бірқатар шектеулер қойылады: бес жыл бойы жаңа несие рәсімдеуге рұқсат берілмейді.
«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында көмек алу үшін келесі нөмірлерге хабарласуға болады:
8-700-855-85-85, 8-708-808-01-54. WhatsApp: 8-700-023-01-44.
Қаржылық сауаттылық курстарына жазылу немесе мамандардың дайын онлайн-сабақтарын көру үшін qogamfin.kz сайтына кіру керек.