
Балқашта жаңа автобус аялдамаларына бейнебақылау камералары орнатылуда. Бұл шара қаланың қауіпсіздік жүйесін дамыту және құқықбұзушылық пен бұзақы әрекеттердің алдын алу мақсатында жүзеге асырылып жатыр.

Биыл қалада 34 жаңа аялдама павильоны орнатылды, олардың бірі – жылытылған үлгідегі павильон. Ол автостанция аумағында орналасқан.

Аялдамалардың шыны қасбеттеріне қазақтың көрнекті тұлғалары – Мұхтар Әуезов, Міржақып Дулатов және Әлішер Науаи бейнелері мен қанатты сөздері орналастырылып, LED-экрандар орнатылуда.

– Барлық жаңа павильондар бейнебақылау жүйелерімен жабдықталуда, – дейді Балқаш қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Берік Бекмағамбетов. – Бүгінде қала бойынша барлығы 532 камера орнатылған: оның 138-і бұрылмалы, 394-і стационарлық құрылғылар.

Биыл ескірген 34 камера заманауи үлгіге ауыстырылды, қосымша тоғыз жаңа ID-камера орнатылды, тағы үшеуін қараша айына дейін іске қосу жоспарланған. Бұл камералар көшелердегі тәртіпті бақылауға және қалалық мүліктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Балқашта абаттандырудың ауқымды бағдарламасы да жүзеге асырылып келеді.

Биыл 11 көппәтерлі аула аумағында жұмыстар жүргізілуде: тас төсеу, асфальт жабындысын жаңарту, жиектастар қою, жарықтандыру орнату, сондай-ақ балалар мен спорт алаңдарын жабдықтау.

Сонымен қатар көпқабатты үйлердің қасбеттері мен шатырлары жөнделіп жатыр — барлығы 93 ғимарат жаңартылады.

Қаладағы басым бағыттардың бірі — жағалауды абаттандыру.

Жобаның бірінші кезеңі аяқталуға жақын: көгалдандыру жүргізіліп, шағын сәулеттік нысандар, субұрқақ пен автоматты суару жүйесі орнатылған. Екінші кезеңнің дайындық деңгейі 72 пайызды құрайды, жұмыстарды келесі жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, Ағыбай батыр, Победоносцев және Қадыржанов көшелерінде жаяу жүргіншілер тротуарларын абаттандыру жалғасуда.

Заманауи көше жарығы орнатылуда: КТП – әуежай – көпір бағыты бойынша 216 шам тірегі орнатылып, көпірдің өзінде RGB жарығымен жабдықталған 15 тірек қойылды.

Қалада көгалдандыру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Мыңдаған ағаш егілді, олардың қатарында терек, қарағаш және шетен бар. Хамзин атындағы Мәдениет сарайы маңында 700-ден астам пирамидалық терек, аурухана аумағында – 1900 ағаш, ал әуежай маңында шамамен 2000 түп егілді.

Сонымен бірге, қала көшелерінде 14 мың шаршы метр көгал төселіп, автоматты суару жүйесі орнатылды.

Қаланың көркін арттыру мақсатында Балқашта баннерлер мен билбордтарды заманауи цифрлық LED-модульдерге ауыстыру жобасы іске асырылуда. Қазірдің өзінде 16 осындай құрылғы орнатылды.

Бұл жаңашылдық қала тұрғындарын ақпараттандыру сапасын арттырып, Балқаштың заманауи және көркем бейнесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.