
Ойыншықтар шығаратын шағын цех ашуға арналған грант Zhas Project жастар корпусын дамыту жобасымен берілді. Бұл Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен бағдарламасы. Стартап жастарға әлеуметтік кәсіпкерлік элементтерін игеріп қана қоймай, оны одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Миллион теңгеге өтеусіз грант алғандар арасында Теміртаудан «Балалық шақты қос!» әлеуметтік жобасы бар.
- Бөлінген қаражатқа жабдықтар мен қажетті материалдар сатып алдық, - дейді «Балалық шақты қос!» әлеуметтік жобасының жетекшісі Валентина Сильванович. - Бірінші траншты игердік - ойыншықтарды лазерлік кесуге арналған станок сатып алдық. Компьютердің көмегімен сурет пен тапсырмасы бар бағдарлама орнатылады, ал машина ағаштан қажетті бөлшектерді кесіп, нақыштайды. Қазір екінші траншты игеріп жатырмыз. Біз фанера, ойыншықтарды бояуға арналған бояулар, ұсақ құралдар, тегістеуіш сатып алдық.
Барлық ойыншықтар экологиялық таза, жеңіл және әртүрлі. Облыстарға бөлінген елдің картасы түріндегі қуыршақ театры, үйлер, пазлдар бар. Ойыншықтардың барлық жиынтығына әдістемелік жинақ қоса беріледі. Жобаны ұйымдастырушылар мұғалімдерді осы материалмен жұмыс істеуге үйрету үшін сабақтар өткізуге ниетті.
Zhas Project шарттарына сәйкес, грант есептелген 6 ай ішінде өз қызметтері немесе тауарлары үшін ақша алуға болмайды. Сондықтан алғашқы 20 ойын жиынтығы балалар оқу орындарына барады. Ойыншықтар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған.
- Біз төрт балалар мекемесімен келістік, - дейді Валентина Сильванович. - Бұл облыстық көмекші мектеп-интернат, сөйлеу балабақшасы, туберкулезге қарсы санаторий және сөйлеу интернаты. Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мен аутизмі бар балаларға арналған балабақша да жоспарда бар. Мұның бәрі Теміртауда.
Желтоқсан айында серіктес мекемелердің әрқайсысына 20 ойыншық жиынтығы тапсырылуы керек. Содан кейін «Балалық шақты қос!» әлеуметтік жобасын ұйымдастырушылар бизнес деңгейіне шығып, барлық ниет білдірушілерді ойыншықтармен қамтамасыз етуге үміттенеді.