
Түркістанда ардагерлер арасындағы тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасы чемпионаты аяқталды. Бес күнге созылған жарыста үш қарағандылық спортшы қола жүлдегер атанды.
Турнирге еліміздің 17 өңірінен жүзге жуық спортшы қатысты. Қарағанды облысының намысын жеті ойыншы қорғады. Жүлдегерлер қатарында – Бүркіт Бейсенов, Қайрат Омаров және Юлия Фалик бар. Ерлер 60+ жас санатында, ал Юлия Фалик 70+ санатында өнер көрсетті.
– Тоғызқұмалақты мен бірнеше жыл бұрын, 80-жылдары үйрендім. Ол кезде Ағадыр маңындағы балалар лагерінде аға тәрбиеші болып жұмыс істейтінмін. Лагерь директоры Балтабай Қасқырбаевтың өзі тоғызқұмалақ ойнайтын және өзгелерді де үйрететін. Бізді түгел үйретіп, балаларға да үйретуді қатаң талап етті. Сол кезде бұл ойын қатты қызықтырған, бірақ кейін біраз уақыт ұмыт қалды. Ал тәуелсіз Қазақстанда, 2000-жылдардың басында қайтадан осы дәстүр жаңғырып, жарыстар өткізіле бастады. Сол сәттен бастап мен де қуана қатысып жүрмін, – дейді Юлия Фалик.
Ол Саран қаласындағы аула клубтарының бірінде балаларға ұлттық ойынды үйреткен. Қазір зейнет демалысында.

Республикалық чемпионатта Юлия Фалик жеті партия ойнап, тек екеуінде – Астана мен Ақтөбе ойыншыларына жол берді. Соған қарамастан, жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен күрделі ойынға деген шынайы сүйіспеншілігі оған туған өңірінің намысын абыроймен қорғап, құрметті үшінші орынды иеленуге мүмкіндік берді.