
Қарағандыда дәстүрге айналған «Әуенді Сарыарқа» халықаралық музыка фестивалі биыл 26-шы рет шымылдығын түрмек. Өнер мерекесі жыл сайын көрермендерге ерекше әсер мен ұмытылмас сәттер сыйлап келеді. Биылғы сахна төрінде Қазақстан, Өзбекстан, Башқұртстан, Польша және Италиядан келген танымал әртістер өнер көрсетеді.

Фестиваль 17-25 қазан аралығында үш мәдени алаңда ұйымдастырылады.
Ашылу рәсімі 17 қазанда сағат 18:30-да Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында өтеді. Кеште Тәттімбет атындағы ұлттық аспаптар академиялық оркестрінің сүйемелдеуімен Өзбекстанның халық әртісі Дамир Рахмон мен Башқұртстанның халық әртісі Азат Айтқұловтың өнері ұсынылады. Дирижёр — Ерлан Бақытгерей.

21 қазанда сағат 18:30-да Кеншілер мәдениет сарайында қазақ өнерінің көрнекті өкілі, халық әртісі, әнші әрі композитор Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтеді. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Біржан Хасанғалиев қатысады.

Фестивальдің шымылдығы «Тенорлар шеруі» атты әсерлі концертпен жабылады. Ол 25 қазанда сағат 17:00-де Amanat партиясының концерт залында (Әлиханов көшесі, 4) өтеді. Бұл кеште төрт елден келген белгілі тенорлар сахнаға шығады: Новак Бартош (Польша), Медет Шотабаев (Қазақстан), Дамир Рахмонов (Өзбекстан) және Амати Мануэль (Италия).
