Қазақмыстың шикізат қоры бойынша болашағы зор

Қазақмыстың шикізат қоры бойынша болашағы зор

"Қазақмыс" корпорациясының минералдық-шикізат базасының сарқылуы туралы қауесет жалған болып шықты. Компания геологиялық барлау жұмыстарына үлкен қаражат жұмсайды. Зерттеулер көрсеткендей, Жезқазған кен орнының қоры кем дегенде жарты ғасырға жетеді.

Бұл туралы Қарағанды облысының әкімдігінде экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің қатысуымен өткен жиында "Kazakhmys Barlau" ЖШС бас директоры Ғалым Нұржанов мәлімдеді.

- Мыс бойынша өсім көрсеткіші 700 млн тоннадан асады. Егер біз жыл сайын 500-700 мың тонна өсім жасасақ, одан да көп өсім болады. Қазақмысқа 20-30 жыл қалды деген әңгіме - негізсіз жорамал. Геологиялық барлау бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде. Арнайы бөлімше құрылып, жақсы команда жиналды, - деді Ғалым Нұржанов. - Қорғасын мен мырыштың металл бойынша 2,5 млн тоннаға және кен бойынша 240 млн тоннаға өсуін жалғастырамыз. Компанияның стратегиясы бар, ол бойынша 2030 жылға дейін мыс бойынша өсім 5 млн тоннаны және қорғасын мен мырыш бойынша шамамен 8 млн тоннаны құрауы тиіс.

Сонымен қатар ол компания 19 инвестициялық геологиялық барлау жобасын, оның ішінде 10 жаңа жобаны жүзеге асыратынын хабарлады. Соңғы үш жылда геологиялық барлауға шамамен 7 млрд теңге, ал 2015 жылдан бастап 15 млрд теңге инвестицияланды.

Баяндамашы өндірістік процестерді барынша автоматтандыра және цифрландыра отырып және халықаралық стандарттарды қолдана отырып, жаңа технологиялар пайдаланылатынын атап өтті.

- Болжамдық-ревизиялық жұмыстар қосымша кен қорларын анықтауға және сәйкесінше Жезқазған кен орнының өміршендігін тағы 50 жылға ұзартуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті Ғалым Нұржанов.

Биыл Жезқазған мен Қарағандыда жаңа жынысөзек қоймасын салу бойынша жобаны іске асыру басталды. Халықаралық аккредитациясы бар талдау зертханасын құру жобасы басталды. 

Kazakhmys Barlau басшысының айтуынша, әлеуетті жобаларды іске асыру компанияға 2030 жылға қарай 5 млн тоннаға дейінгі көлемде минералды-шикізат базасын толықтыру бойынша қойылған мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.