Қарағанды индустриалды университетінің студенттері облыстық экоолимпиаданың жеңімпаздары атанды

Қарағанды индустриалды университетінің студенттері облыстық экоолимпиаданың жеңімпаздары атанды

Қарағанды облысында «Экосана» атты облыстық экологиялық олимпиаданың жеңімпаздары марапатталды. Жүлдегерлер қатарында индустриалды университеттің 39 студенті бар. Бұл жоғары оқу орны марапат саны бойынша да, жалпы қатысу белсенділігі бойынша да көш бастады.

Олимпиада онлайн-форматта өтіп, аймақтағы бес жоғары оқу орнының студенттерін біріктірді. Қатысушылар экологиялық мәселелер мен тұрақты даму тақырыптарына байланысты күрделі сұрақтарға жауап берді.

— ҚарИУ студенттерінің қатысуы толығымен ерікті түрде өтті — олар өздері бастама көтерді. Бұл жастардың экология мәселелеріне шын мәнінде алаңдайтынын және оң өзгерістердің бір бөлігі болуға ұмтылатынын дәлелдейді. Қатысушылардың өздері де тапсырмалардың қызықты әрі танымдық болғанын атап өтті. Олимпиада олардың ой-өрісін кеңейтуге мүмкіндік берді, — деді ҚарИУ-дың ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры міндетін атқарушы Сәуле Айнабекова.

Олимпиаданы Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы 2024–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында ұйымдастырды. «Экосана» олимпиадасы жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Экокурс» жобасының бөлігі болып табылады.

— «Экокурс» жобасы — экологиялық тұрғыдан жауапты қоғам құруға жасалған маңызды қадам. Ол студенттерді нақты экологиялық бастамаларға тарту арқылы тек білім алуға ғана емес, сонымен қатар тұрақты даму мен табиғат пайдалануда жауапкершілік танытуға негізделген құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді, — деп атап өтті табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі Гүлдана Телепова.

Қарағанды индустриалды университетінің ақпараты бойынша