
Тарихи-танымдық «Елтану» экспедициясының тоғызыншы маусымы Қарқаралы қаласын, Егіндібұлақ пен Қоянды ауылдарын, сондай-ақ Абай облысын қамтиды. Экспедиция бағыты еліміздің маңызды тарихи және мәдени нысандарын аралауды көздейді. Қарағандылықтар ұлы тұлғалардың мұрасын зерделеп, этносаралық татулық пен диалогты нығайтуға атсалысуда.

Биылғы жоба Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет Нұрмақовтың 130 жылдығына арналды.

Қатысушылар Абайдың және Потаниннің үйлерінде, Құнанбай мешітінде болып, әнші әрі композитор Мәди Бәпиұлының ескерткішіне тағзым етеді. Егіндібұлақ ауылында Нығмет Нұрмақовтың музейін және оның оқыған мектебін тамашалайды. Ал Қояндыда экспедиция мүшелері әйгілі Қоянды жәрмеңкесінің тарихымен танысады.

Сапардың келесі кезеңі – Абай облысы. Мұнда экспедиция мүшелерін этномәдени бірлестіктердің өкілдерімен кездесулер, сондай-ақ «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражай-қорығы мен «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешеніне сапар күтіп тұр.

– «Елтану» тарихи-танымдық экспедициясы тоғызыншы рет өткізіліп отыр. Ол жыл сайын ұйымдастырылады. Әр жолы қатысушылар – Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, тарихшы-өлкетанушылар, қоғам қайраткерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, қазақ тілін еркін меңгерген түрлі этнос өкілдерінің жастары, бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлер – еліміздің әртүрлі тарихи-мәдени нысандарын аралап келеді, – деп атап өтті экспедиция жетекшісі Думан Малаев.

Жобаның басты мақсаты – этносаралық толеранттылықты нығайту және жастардың бойында отансүйгіштік сезімін қалыптастыру. Думан Малаевтың айтуынша, мұндай экспедициялар алдағы уақытта да жалғасын табады. «Елтану» жобасына қатысу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясына өтініш беру қажет.

Еске сала кетейік, өткен жылы «Елтану» қатысушылары Қарқаралы, Ақтоғай және Шет аудандарына барып, археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген орындарды және тарихи-мәдени мұра нысандарын аралаған болатын.