Бұқар жырау ауданында әйелдерге өз кәсібін ашу үшін гранттар берілді

Бұқар жырау ауданында әйелдерге өз кәсібін ашу үшін гранттар берілді

Бұқар жырау ауданында әлеуметтік осал топтарға жататын бес әйелге өз ісін бастау үшін Мансап орталығының гранттары табысталды. Барлық қатысушылар «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өткен.

Өз ісін дамытуға арналған қаржылай гранттар конкурсы екі кезеңмен өткізілді. Биыл жазда өткен алғашқы кезеңде үш кәсіпкер жеңімпаз атанған болатын. 

Жуырда екінші кезеңнің қорытындысы шығарылды. Барлығы 10 өтінім қабылданып, олардың ішінен бес аудан тұрғыны 400 айлық есептік көрсеткіш (1 572 800 теңге) көлеміндегі грантқа ие болды.

Жеңімпаздар кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру ережелеріне сәйкес анықталды.

Грант иегерлерінің қатарында Ақөре ауылында тұратын көпбалалы ана Сәния Нұқұшева бар. Ол бөлінген қаражатқа үш сиыр сатып алып, сүт өнімдерін өндіруді жоспарлап отыр.

Көпбалалы ана Әсел Жұмабаева грант қаражатына бөшке-бу (мобильді монша) сатып алып, оны ауыл тұрғындарына жалға бермек.

Баймырза ауылынан келген Эльмира Елеуханова да грант иегері атанды. Ол асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алып отыр. Алынған қаражатқа жылыжай салып, көкөніс өсірумен айналыспақ.

Тоғызқұдық ауылында тұратын көпбалалы ана Нұр Гүл Мергенбай қой шаруашылығын дамытуды көздейді.

Ал Доскей ауылындағы мүмкіндігі шектеулі баланың анасы Айман Айділдина грант есебінен құрт өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр.

– Бұл гранттар – жаңа ісін бастаған кәсіпкерлер үшін өз әлеуетін жүзеге асыруға, өндірісті жолға қойып, дамытуға және тұрақты табыс көзіне қол жеткізуге үлкен мүмкіндік, – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары Әлия Шайкенова.