Қарағандыда азаматтардың аулаларды абаттандыру жөніндегі идеялары жүзеге асырылуда

Қарағандыда азаматтардың аулаларды абаттандыру жөніндегі идеялары жүзеге асырылуда

Қарағандының Октябрь ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасының 2020-шы жылғы қорытындылары шығарылды. Тұрғындардың ұсынысы бойынша жаңа ойын және спорт алаңдары пайда болады, аулалар абаттандырылады.

Нұр-Сұлтанда басталған жобаны Қарағанды облысы қолдады. Соған сәйкес тұрғындар бюджеттік қаржыны қалай жұмсауды өздері таңдай алады. Бұл халықпен диалог арқылы басқарудың тиімді тәсілі.

Октябрь ауданында жоба осы жылдың мамыр айында бастау алды. Әркім өз жобаларын облыс әкімдігінің сайтына орналастыра алды. Барлығы тоғыз өтініш түскен, оның жетеуі таңдалды.

Ұсыныстарды сараптама комиссиясы қарады. Оның құрамына Қарағанды қалалық мәслихатының депутаттары, қоғам қайраткерлері, өңірлік әкімдіктің өкілдері кірді.

Тұрғындардың ұсыныстары бойынша үш аула ретке келтіріледі: Чайкина көшесі, 109, және Сортировкадағы жұмысшылар ауылында. Жаңа ойын кешендері Ударная және Орынбор көшелерінің қиылысында, Павленко көшесіндегі, 42 және 44 үйлердің ауласында, 19-шы ықшамаудандағы, 72-75 үйлердің жанында орнатылады. Жұмысшылар ауылында қоқыс үйінділері жойылуда.

Қамқор азаматтар дайындаған жобалар 2021 жылы жүзеге асырылады. Олармен сілтемесі арқылы таныса аласыздар.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы Қарағандыда жалғасады. Оған Қазыбек би ауданының тұрғындары да қатыса алады.