
Қарағанды облысының Топар кентінде Kazakhmys компаниясының жас энергетиктеріне арналып екі тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын мысалы.

Сонымен қатар, жергілікті МАЭС-те қуатты арттыруға бағытталған ірі жоба жүзеге асырылып, электр және жылумен қамтудың сенімділігі артты.

Турбоагрегаттың іске қосылуы – мемлекет пен бизнестің серіктестігі аясында қазақстандық электр энергетикасын жаңғыртудың маңызды кезеңі.

– Топар абаттандырылып, энергетиктердің жақсы кентіне айналуда. Бүгін біз жаңа, қуаттылығы 130 МВт болатын турбинаны іске қостық. Ол біздің өнеркәсіптік кәсіпорындарды энергиямен қамтамасыз етеді. Бұл жұмысты атқарған және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі Президентіміздің үндеуін жүзеге асырып отырған Kazakhmys компаниясына алғысымды білдіремін. Сондай-ақ бүгін энергетиктерге арналған тұрғын үй құрылысы басталды. Бұл – екі бесқабатты үй, барлығы жас мамандарға арналған 80 пәтер, – деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Бүгін бес қабатты үйлердің бірінің іргетасына символдық капсула салынып, құрылыстың басталғанын білдірді.

– Жаңа тұрғын үйлердің құрылысы «Kazakhmys Holding» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайдың қолдауымен жүргізілуде. Бұл жоба еңбек пен өмір сүруге қолайлы жағдай жасап қана қоймай, талантты жастарды тартып, оларды тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Осылайша компания мен бүкіл өңірдің болашақ дамуына жол ашылады, – деп атап өтті «Kazakhmys Energy» ЖШС бас директоры Темірлан Өтегенов.

– Бүгін біз үшін екі маңызды оқиға болды – үшінші турбина іске қосылып, жас мамандарды тарту мақсатында екі тұрғын үйдің құрылысы басталды. МАЭС-те жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалған, әрі болашағы зор, – деді «Топар» МАЭС-дағы құрылысқа техникалық қадағалау жөніндегі жетекші инженер Нұржан Кәрім.

Компанияда атап өткендей, тұрғын үй құрылысы – қызметкерлерді қолдауға арналған ұзақ мерзімді бағдарламаның бір бөлігі.

Осындай үйлерді басқа қалаларда, атап айтқанда, Балқашта да салу жоспарланып отыр.

– Бүгін Топарда болып жатқан бұл маңызды оқиғалармен баршаңызды құттықтаймын. Тұрғын үй құрылысы – даму бағыттарының бірі әрі мәні зор бағдарлама. Барлық жоспарланған істердің жүзеге асатынына сенімдіміз. Топар МАЭС тек Қарағанды облысы үшін ғана емес, бүкіл Орталық Қазақстандағы ірі электр станцияларының бірі болып табылады. Оның жұмысына ел экономикасының тұрақтылығы тәуелді. Осындай қуанышты оқиғалар көп болсын! – деді энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов турбоагрегаттың іске қосылуы мен үйлердің құрылысының басталуына орай.

Айта кетерлігі, бұл оқиғалар Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылында өтіп отыр.

Компанияның әлеуметтік бастамасы кадрларға деген қамқорлықты көрсетіп, өңірлерді дамыту міндеттерімен үндеседі.
