
Қарағандыда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің облыстық форумында қазіргі заманғы технологиялар мен әдістемелердің мемлекеттік тілді тиімді оқытуға және тәжірибеде қолдануға қалай ықпал ететіні сөз болды. Форумға лингвистер, ғалымдар, тіл жанашырлары, жергілікті билік өкілдері мен БАҚ қатысты.

Іс-шара Қазақстан халқы тілдері күніне орай өткізілді. Ұйымдастырушы – Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасы,

модератор – Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Форумда қазақ тілін дамыту, оның ішінде заманауи оқыту әдістері, мемлекеттік тілді қолдануға деген қажеттілікті қалыптастыру, тілді үйретуге арналған IT-жобалар, қазақ тілінің қолдану аясын барлық салада кеңейту мәселелері қаралды. Сонымен қатар, қазақ тілін оқытудағы жаңа әдістемелер мен IT-технологиялар таныстырылды.

Баяндама жасағандар: Назарбаев Университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының магистрі, ересектерге қазақ тілін оқытуға арналған бірқатар оқу-әдістемелік құралдардың авторы Айдар Балабек; ғалым, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының хатшысы Дана Оспанова; полиглот, «LinguaTen» тіл орталығының жетекшісі Владислав Тен; «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ филиалының Білім беру бағдарламалары орталығының аға менеджері Айнұр Қалиева.

Форум соңында мемлекеттік тілдің дамуына елеулі үлес қосқан мұғалімдер Қарағанды облысы әкімінің алғыс хаттарымен марапатталды.
Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасының ақпараты бойынша