Тілдер күні: Қарағандыда қала әкімі «Тіл мерейі» сыйлығын табыстады

Тілдер күні: Қарағандыда қала әкімі «Тіл мерейі» сыйлығын табыстады

Қарағандыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы тілдері күніне орай қала әкімі «Тіл мерейі» сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Бұл марапат 2023 жылдан бері беріледі және мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосып, тіл мәдениетін дәріптеп жүрген азаматтарды қолдауға бағытталған.

Сыйлық бес аталым бойынша тапсырылды. «Тіл майталманы» номинациясының иегері тарихшы Әділет Жағыпар мен қазақ тіліне арналған әдістемелік құралдардың авторы Наталия Еременко болды.

«Тіл жаршысы» аталымында журналистер Қайныш Бұхарбай мен Жанбота Елубаев жеңімпаз атанды.

– Менің ойымша, тіл адамдарды кез келген ұраннан да мықты біріктіреді. Қазақ тілі бүгінде мүмкіндіктер тіліне айналып келеді. Әрбір азамат осы маңызды қоғамдық үдерістің бір бөлшегі екенін сезінуі керек, – деді премия лауреаты, «Индустриальная Караганда» облыстық газетінің тілшісі Қайныш Бұхарбай.

«Тіл білгірі» атағы қазақ тілін еркін меңгеріп, өлең жазып жүрген Владислав Горизановқа берілді. Ал «Жас полиглот» номинациясында сегіз тілді меңгерген жас оқытушы Ескендір Мұратов жеңіске жетті.

Биыл алғаш рет «Мемлекеттік тіл – бизнесте» номинациясы енгізілді. Оның алғашқы иегері медицина саласындағы кәсіпкер Жанара Нұржан болды. Ол кәсіби қызметінде мемлекеттік тілді кеңінен қолданып, оны ілгерілетуге үлес қосып келеді.

Мерекелік шара «Ұлтқа қызмет» спектаклінен үзінді көрсетумен басталды. Көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлаған қаладағы шығармашылық ұжымдар болды. Сахнада облыстық филармония солистері мен ансамбльдері «Туған тілім», «Қазақ елі осындай», «Елім менің» әндерін орындады.

Іс-шараны Қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырды.