
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Әр ұлттың бір үні – Қазақстан» атты мерекелік іс-шара өтті. Шара барысында түрлі этнос өкілдері қазақ тілі мен поэзияға арналған өлеңдер оқып, халыққа кеңінен танымал күйлер мен әндер орындалды.

Сонымен қатар «Бейбітшілік бейнесі» атты көрме ұйымдастырылып, онда әртүрлі этнос суретшілерінің туындылары қойылды. Әрбір туындыда бейбітшілік, достық пен туған жерге деген сүйіспеншілік идеясы көрініс тапты.

– Тілдер күні – әртүрлі тілдер мен мәдениеттерге құрмет көрсету арқылы еліміздегі татулық пен бірліктің арта түсетінін еске салатын ерекше мереке. Әрбір тіл еркін естіліп, әр қазақстандық өзін біртұтас әрі тату елдің мүшесі ретінде сезінуі керек, – деп құттықтау лебізін білдірді «Қоғамдық келісім» КММ директоры Гүлнар Қасембаева.

Көрермендерге Қазақстан халқының бірлігі туралы бейнеролик ұсынылып, сахна төрінде музыканттар, әншілер мен жыршылар өнер көрсетті. Шара барысында Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенті, «Ассамблея жастары» қозғалысының белсендісі Ұласхан Жалғасовтың орындауындағы «Ақ желен» күйі зор қошеметке ие болды. Сондай-ақ Еврей мәдени орталығының солисі Светлана Бойко халыққа белгілі «Бұлбұл» әнін нақышына келтіре орындады. Жас музыкант Егор Стариков домбырада «Балбырауын» күйін аса шеберлікпен тартып, көрермендерді тәнті етті.

– Өзім қазақ ұлтынан болмасам да, домбыраның қоңыр үнін ерекше сүйемін. Қазір кәсіби түрде айналысып жүрмін, өнер мектебінде жетінші сыныпқа өттім. Алғашында ата-анам мен достарым бұл әуестігім уақытша деп ойлаған еді. Алайда биыл музыкалық мектепті тәмамдап отырмын. Бүгінде тек өзім ғана емес, айналамдағы адамдар да домбыраны жақсы көріп, менен күй орындап беруімді жиі сұрайды, – деп бөлісті Егор Стариков.

Мерекелік шара өнер мен шығармашылықты ұштастырып, соңында «Қарағанды – біздің сүйікті қаламыз» тақырыбындағы «Үздік пост» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Бірінші орынды – Елена Шарабура, екінші орынды – Алёна Рыбак, үшінші орынды Илина Зинатуллина иеленді. Жеңімпаздарға дипломдар мен сертификаттар табысталды.
Іс-шараны Қарағанды облысы Ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ мен Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы ұйымдастырды.
Қазақстан халқы тілдері күні 5 қыркүйекте атап өтіледі.
Фото: Александр Марченко