
Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық акциясы аясында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Негізгі назар – рұқсатсыз қоқыс үйінділеріне аударылған. Олар ғарыштық мониторинг арқылы анықталып, кейін тазалау мен қоқысты шығару ұйымдастырылады. Ереже бұзушылар жазасыз қалмайды. Дегенмен, таза әрі жайлы өмір сүру үшін ортақ мәдениет пен азаматтық жауапкершілік қажет.

Мәселен, Қарағандыда полицейлер құрылыс қалдықтарын заңсыз төгіп жатқан КАМАЗ көлігін тоқтатты. Автокөлік коммуналдық айып тұрағына қойылып, жүргізушіге айыппұл салынды.

Экология департаментінің мәліметінше, ғарыштық мониторинг қорытындысы бойынша 470 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі анықталған. Сәуір мен тамыз айлары аралығында департамент қызметкерлері тағы 83 үйіндіні тікелей рейд барысында тапқан.

Қарағанды қаласында 127 рұқсатсыз қоқыс орны жойылды. Алайда кейбір жерлерде қоқыс үйінділері әлі жиналмаған – жұмыс жалғасуда.
Басқа қала мен аудандарда да қоқысқа қарсы күрес жүріп жатыр.
– Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде анықталған қоқыс орындарының 280-і жойылды. Қалғандары алда тазартылуы тиіс. Мәселе мынада: өткен жылы тазартылған жерлердің өзінде қайтадан рұқсатсыз қоқыс үйінділері пайда болып жатыр. Бұл жағдай тұрғындардың ресми полигондарға төлем жасамау үшін қоқысты бұрынғы орындарға тастауды жалғастыруымен байланысты. Мұндай жерлерге бейнебақылау камераларын орнату орынды болар еді. Қайталанып қоқыс жиналатын аумақтардың тізімін жасау қажет. Алдын алу шаралары жыл сайын қайта-қайта жоюмен әлек болудан гөрі тиімді нәтиже береді, – дейді Экология департаментінің басшысы Бегәлі Сапаралиев.

Мысалы, Абай ауданының Садовое ауылында ғарыштық мониторинг арқылы көлемі 150 текше метр болатын қоқыс үйіндісі анықталды. Қазір қоқыс шығарылып жатыр. Алайда бұл мәселе жыл сайын қайталануда.

Балқашта бір күнде үш ірі заңсыз қоқыс орны табылып, тазартылды.

Экологтар тұрғындарды тазалық пен тәртіпке шақырады. Әрбір адам қоршаған ортаға өз амандығы мен балаларының болашағы үшін қамқорлық жасауы тиіс.