
Қарағандыда заманауи автодром салынды. Ол жаңа жүргізушілерді даярлаудың орталығына айналмақ. Ең басты ерекшелігі – енді қоғамдық жолаушылар көлігін жүргізушілер қаладан шықпай-ақ оқып, аттестациядан өте алады. Бұған дейін ол үшін астанаға баруға тура келетін.

Алдағы уақытта осы нысанның базасында мамандандырылған автоХҚКО ашу жоспарланып отыр. Сол кезде тек D санаты емес, барлық санаттағы жүргізуші куәліктерін алуға мүмкіндік туады.

Яғни автокөлік мектебіндегі сабақтар мен практикалық жаттығулардан бастап, емтихан тапсыру және жүргізуші куәлігін алу рәсіміне дейінгі барлық процесс бір жерде өтетін болады.

Жаңа автодром – еліміздегі қауіпсіздік пен практикалық оқытуға қойылатын барлық заманауи стандарттарға сәйкес келетін жалғыз нысан. Оның аумағы 12 677 шаршы метрді құрайды.

Мұнда асфальт төселіп, жиектастар қойылды, жол белгілері орнатылып, таңбалар сызылды. Емтихандық сынақтарға арналған арнайы эстакада да қарастырылған, ол жүргізуші болуға үміткерлердің дағдыларын барынша шынайы жағдайда тексеруге мүмкіндік береді.