
Қарағанды облысында 941 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, олардың шамамен 800-і өңдеу секторына тиесілі. Бүгінде өңір өңдеуші өнеркәсіптің көлемі бойынша елімізде алдыңғы қатарда тұр. Өткен жылы сала кәсіпорындары 3 трлн теңгеден астам өнім өндіріп, бұл жалпы өңірлік өнімнің үштен бірінен көбін құрады. Алдағы мақсат – орта және жоғары технологиялы өңдеу өнеркәсібі өнімдерін, оған ілеспе сервистік салаларды дамыту арқылы облысты инвестиция мен кәсіпкерліктің, транзиттік әлеуеті зор экономиканың орталығына айналдыру.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен айтылды.

– Қарағанды облысы экономикасының өсімі тұрақты сипатқа ие. Бұл – Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауларында айқындалған міндеттердің уақтылы әрі сапалы орындалуына негіз болып отыр. Жыл сайын барлық салада даму қарқыны артуда. Оның ішінде жетекші рөлді өнеркәсіп, әсіресе өңдеу секторы атқарады. Өңірде еліміздегі кокстелетін көмірдің түгелі, энергетикалық көмірдің үштен бірі, түрлі-түсті және қымбат бағалы металдардың қомақты бөлігі, сондай-ақ жалпақ прокаттың 100%-ы өндіріледі. Бұл – аймақтың ғана емес, тұтас елдің өнеркәсіптік қуатының тірегі. Соның нәтижесінде облыс ұлттық экономиканың дамуына елеулі үлес қосып, ЖІӨ көлемі бойынша республикада төртінші орынды иеленіп отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Ол сондай-ақ экономикалық өсім – мемлекет пен бизнестің ортақ еңбегінің жемісі екенін атап өтті. Өңдеу саласына бағытталған мемлекеттік қолдау құралдары да жеткілікті: жаңа жобаларға инженерлік инфрақұрылым тарту, жеңілдетілген несие беру және басқа да ынталандыру шаралары жүзеге асуда.
– Мемлекеттік қолдаудың арқасында негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2024 жылы өткен жылмен салыстырғанда 64%-ға өсіп, шамамен 1,5 трлн теңгеге жетті. Біз мұнымен шектелмейміз. 2025 жылы 1,5 трлн теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр, оның 50%-ы өнеркәсіпке бағытталмақ. Басты міндетіміз – өнеркәсіптік өндірістің тұрақты өсімін қамтамасыз ету, сапалы инвестиция тарту және кәсіпорындарға қажетті білікті мамандар даярлау, – деп мәлімдеді Әлібек Әлденей.
Биылғы жеті айдың қорытындысы бойынша облыста 2,7 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, бұл көрсеткіш 7,3%-ға артты.
Брифингте айтылғандай, бүгінде облыста жалпы құны 4,5 трлн теңгені құрайтын 120 инвестициялық жоба пулы жасақталған. Олардың аясында 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Биылдың өзінде 29 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған, соның 15-і өнеркәсіп пен өңдеу саласына тиесілі.
Өңірде ыстық мырыштау зауыты іске қосылды. Samsung маркалы теледидар мен кір жуғыш машиналар өндірісі жолға қойылды. Жыл соңына дейін болаттың тік тігісті құбырлары, алюминий радиаторлары мен кремнийлі қорытпаларды шығаратын жаңа өндірістер пайдалануға берілмек. Сондай-ақ қуаты 150 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы аяқталады.
Облыстың инвесторлармен тікелей жұмыс істеуге ашық екені де атап өтілді. Бұл үшін Инвесторларға қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Ал облыс әкімі төрағалық ететін инвестициялық штаб өзекті мәселелерді жедел қарастырып, нақты шешім қабылдайды.