
Ішкі нарықта отандық азық-түлік көп болуы тиіс. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек осындай міндет қойды. Өңірде ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру көлемі артып келеді. Ол үшін жаңа фермалар мен өңдеу зауыттары салынуда.
Онлайн режимінде өткен аппараттық кеңесте азық-түлікпен қамтамасыз ету жағдайы талқыланды.
- Біз азық-түлік тауарларының 27 негізгі түрі бойынша қамтамасыз етілу мониторингін жүргіземіз. Облыс 13 атау бойынша толық қамтамасыз етілген, оның 8-і - әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер. Ауыл шаруашылық өнімдері өндірісінің көлемін арттыру есебінен ішкі нарықты азық-түлікпен қанықтыру жалғасуда, - деп баяндады Ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов.
Облыста ет, картоп және сәбіз, жұмыртқа, шұжық өнімдері өндіріледі, деп атап өтті ол. Сүт өнімдеріне және бірқатар көкөністерге - қияр мен қызанақ, қырыққабатқа деген қажеттілік ішінара өтеледі.
Алайда көкөністерді сақтауға қатысты проблемалар бар. Қазіргі заманғы жаңғыртылған қоймаларды салу жоспарланып отыр.
Облыста ауыл шаруашылығына инвестициялар 22%-ға өсті. Бірқатар ауқымды жобалар жеке қаражатқа және мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асырылуда.
Осакаров ауданында және Жезқазғанда ірі жылыжай шаруашылықтарын құру жоспарлануда. Бұқар Жырау ауданында "Жәке" ШҚ салқындатылған балғын сиыр етін шығару кешенін пайдалануға береді. Жалпы алғанда, ет өңдеу бойынша алты жоба жүзеге асырылуда. Осакаров ауданында өзіндік жарма өндірісі жоспарлануда. Құны 4,4 мдрд теңге болатын мультидәнді зауыты салынады.
Облыста 52 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы жетеуі ашылады. "Сыбаға" бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 50 мың бас асыл тұқымды мал сатып алу жоспарланған. Бұл нарықты ет өнімдерімен одан әрі қанықтыруға мүмкіндік береді.
Қарағанды облысы сонымен қатар елорданы да азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Жыл басынан бері жергілікті ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу кәсіпорындары Нұр-Сұлтанға 81 тоннадан астам өнім жеткізді.
- Ішкі нарықты отандық өнімдермен молықтыру - бұл аса маңызды басымдық, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. - Астанаға жақын болу біздің өңірге белгілі бір міндеттемелерді жүктейді. Әлеует зор. Кейбір тауар топтары бойынша біз өзімізді қамтамасыз етпейміз. Өнімдерді сақтау және қабылдау пункттері бойынша сұрақтар қалады. Бұл мұқият назар аударуды қажет ететін үлкен жұмыс.