«Жас сұнқар – 2025»: Осакаров ауданында үздік жас көшбасшылар марапатталды

«Жас сұнқар – 2025»: Осакаров ауданында үздік жас көшбасшылар марапатталды

Осакаров ауданында аудан әкімінің жастарға арналған «Жас сұнқар – 2025» сыйлығының иегерлері анықталды.

Биыл түрлі салада табысқа жеткен 13 жас маман қаржылай сертификаттарға ие болды.

«Жылдың жас қорғаушысы» номинациясында Осакаров ауданы полиция бөлімінің криминалисі Әділ Әлімбаев жеңімпаз атанды. «Жас мемлекеттік қызметші» атағы Жұлдыз ауылдық округінің бас маманы Марат Қожахметовке берілсе, «Жас медицина қызметкері» аталымында аудандық аурухананың терапевті Дәрия Әбілсейітова үздік деп танылды. 

Қ. Сәтпаев атындағы мектептің музыка пәні мұғалімі Данния Тілеубек «Жылдың жас мұғалімі» атанды. 

Ал «Мемлекеттік тіл – болашағым» номинациясының жеңімпазы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Анастасия Иванова болды.

Жеңімпаздардың бірі – Әділ Әлімбаев бала кезінен полиция қызметкері болуды арман еткенін айтады.

— Кішкентайымнан адамдарға көмектесіп, еліміздің қауіпсіздігіне үлес қосуды қаладым, – дейді ол. – Жас мамандарға арналған байқау туралы естігенде бірден қатысуға бел будым. Бұл өзімді сынап, кәсіби қабілеттерімді көрсетуге зор мүмкіндік болды. Жеңіске жетуіме отбасы мен әріптестерімнің сенімі мен қолдауы үлкен күш берді. Сол қолдау мен еңбектің арқасында үздік атандым.

Осакаров ауданы әкімдігінің ақпараты бойынша