
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүмкіндігі шектеулі азаматтардан 359,1 мың тапсырыс тіркелген. Бұл – оңалтудың техникалық құралдарын, ым тілі маманының, жеке көмекшінің қызметтерін, сондай-ақ санаторий-курорттық емдеуді қамтиды.
Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалту құралдары мен қызметтерін ұсынатын өндірушіні немесе жеткізушіні өздігінен таңдауға мүмкіндік береді. Қызметті алу үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы онлайн тапсырыс беру жеткілікті. Тапсырысты жеткізу арқылы немесе өз бетімен алып кетуге болады.
Оңалту құралдарына протезді-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық жабдықтар, сондай-ақ қоларбалар (кресло-арбалар) жатады.
Порталдың жұмысына қатысты кеңесті 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығынан алуға болады.