Абайдың 180 жылдығына орай Қарағандыда жасанды интеллект қолданылады, жыр оқылады, кітап сыйға тартылады

Абайдың 180 жылдығына орай Қарағандыда жасанды интеллект қолданылады, жыр оқылады, кітап сыйға тартылады

Қарағанды облыстық Абай атындағы балалар кітапханасы қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы және ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған мазмұнды шараларды қолға алды. Танымдық және шығармашылық кездесулер қала тұрғындары үшін кітапхана ғимаратында да, Орталық мәдениет және демалыс саябағында да ұйымдастырылады.

8 тамыз күні сағат 14:00-де кітапхана қабырғасында заманауи форматтағы ерекше шара өтеді. Қатысушылар жасанды интеллект технологиясы арқылы Абайдың бейнесін «тірілтіп», оның шығармаларын виртуалды түрде тыңдай алады. Арнайы бағдарламаның көмегімен ақынның дауысы мен образын көріп қана қоймай, әрбір келуші өз смартфоны арқылы жеке ЖИ-модель жасап көру мүмкіндігіне ие болады.

Сол күні сағат 17:00-де Орталық саябақтың басты аллеясында кітапхана қызметкерлері «Ашық микрофон» форматында поэзия кешін өткізеді. Кез келген қала тұрғыны Абай өлеңдерін көпшілік алдында оқып, өз өнерін паш ете алады. Жырды әсерлі жеткізген қатысушыларға Qasymkitap баспасының кітаптары сыйға тартылады.

Абай әлемін заманауи тәсілмен танытуды мақсат еткен бұл бастама – өскелең ұрпақтың ұлттық әдебиетке деген қызығушылығын оятып, рухани дамуына серпін бермек.