
Қарқаралы ауданының Сарыобалы ауылында Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына орай дәстүрлі қазақ әндерін орындаушылардың VII аудандық «Алтын домбыра» байқауы өтті.

Домбыраның сазы мен орындаушылардың үніне толы сахнаның ар жағында бір идеяның мәдени дәстүрге айналған тарихы жатыр.

– Соңғы жылдары дәстүрлі әндерді көбіне тойларда ғана естіп жүрміз. Ал ол – ұлттың байлығы, рухани тірегі. Біз бұл әндердің кәсіби сахнада да шырқалуын қаладық. Осылайша 2017 жылы байқау өмірге келді. Оны «Ауыспалы алтын домбыра» деп атадық. Яғни, басты нышан – алтын домбыра жыл сайын жеңімпаз ауылға табысталып, келесі байқау сол ауылда өтеді, – дейді жобаның авторы Аслан Қырғызалин.

Алайда бұл идея жүзеге асуы үшін бастама ғана емес, сауатты ұйымдастыру да қажет болды. Осы кезеңде жобаға Нұржан Қашқынбаев қосылып, бағдарламасын әзірлеп, құрылымын жүйелеп, мазмұнын нақтылап берді.

Алғашқы байқау Тоқтар ауылында өтті. Содан бері жыл сайын әр ауылда ұйымдастырылып келеді.

Жыл өткен сайын байқау ауқымы да, маңызы да артып келеді.

Алғашында небәрі 6–7 адам қатысса, биыл қатысушылар саны 17-ге жетті.

Сайыс екі жас санаты бойынша өтті. 18 жастан асқан ересек қатысушылар бас жүлде үшін бақ сынады. Жасөспірімдер AMANAT партиясының қолдауымен белгіленген арнайы номинацияда өнер көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Тегісшілдік ауылынан Рустам Жүсіпов жеңіп алды. Екінші орынды Бесоба ауылынан Сепкрай Ерлан иеленсе, үшінші орынды Сарыобалы ауылынан Медет Спанов пен Қарқаралы қаласынан Аружан Әмірхан бөлісті.
– Бұл байқауға төртінші рет қатысып отырмын. Биылғы байқау жоғары деңгейде өтті – қатысушылар саны, орындау сапасы және ұйымдастыру жағынан да. Ұйымдастырушыларға, жергілікті әкімдікке және ұлттық өнерге бейжай қарамайтын барша жанға алғысымды айтамын! – деді Тегісшілдік ауылының тумасы, Қазақ ұлттық консерваториясының студенті, 21 жастағы Рустам Жүсіпов.

Жасөспірімдер арасында бірінші орынды Қасым ауылынан Инабат Төлеуғали иеленді. Екінші орын Қарқаралыдан Балжан Нұрғабденоваға бұйырса, үшінші орынды Аппаз ауылынан Жарас Қайролла алды.

Жобаның авторы байқауды облыстық деңгейге шығаруды жоспарлап отыр. Идея – шығармашылық сайыстарды облыстың барлық ауданында бір мезетте өткізіп, кейін жеңімпаздарды Қарағандыға жинау.
