
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы келушілерге есігін айқара ашты. Қарағандылықтар мен қала қонақтарын "Алтын күз" көрмесіне шақырады.
- Карантин басталғаннан бері жарты жыл бойы біз виртуалды түрде жұмыс істедік. Барлық көрмелер, мұражай сабақтары онлайн өтті. Біз үшін бұл жаңа тәжірибе болды, бірақ біз өз аудиториямызбен, өнер сүйер қауыммен байланысымызды үзбеуге тырыстық. Сайтта жаңа бөлімдер құрдық, онлайн іс-шаралар өткіздік, - деді бейнелеу өнері мұражайының ғылыми қызметкері Назерке Жартын. - 16 қыркүйектен бастап келушілер үшін қайта ашылдық, бірақ санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтап отырмыз. Ірі және жеке көрмелер әзірге болмайды. Мұражай қорынан құрылған экспозицияларға шақырамыз.
Қазір жыл мезгіліне арналған дәстүрлі "Алтын күз" көрмесі өтуде. Сондай-ақ, Еңбек күніне арналған көрмені көруге болады.
Мұражайда күн сайын отбасылық өнер шеберханасы жұмыс істейді. Сурет сабақтарына ересектер мен балалар шақырылады.
Келушілер саны бойынша шектеулер бар. Топтық экскурсиялар алынып тасталды. Бетперде киіп, қашықтықты сақтау қажет.
Мұражай қызметкерлері виртуалды жұмысты жалғастыруда. Олар студенттер мен оқушылар үшін онлайн-іс-шаралар өткізеді.