Қарағандылық кәсіпорындар еңбек қауіпсіздігінің халықаралық және ұлттық стандарттарын енгізуде

Қарағандылық кәсіпорындар еңбек қауіпсіздігінің халықаралық және ұлттық стандарттарын енгізуде

Қарағанды облысы - индустриялық өңір, мұнда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері өзекті. Өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша Жол картасы жұмыс істейді. Бірақ проблемалар қалады. Оларды шешу жолдары ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте талқыланды.

- 2015-2019 жылдар аралығында еңбекті қорғау саласында қабылданып жатқан кешенді шаралардың арқасында елдегі кәсіпорындарда жарақат алу 17%-ға төмендеді. Алайда, осы жылдың 8 айында өндірісте 912 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 7,5%-ға артық, - деп хабарлады ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов.

Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері Қарағанды облысының кәсіпорындарында 159 адам зардап шеккен.

- Облыста еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі бағдарлама іске асырылуда. 2018 жылдан бастап кәсіпорындар мен ұйымдарда бас техникалық инспектор бірлігі енгізілді, еңбекті қорғау жөніндегі 1 404 қоғамдық инспектор жұмыс істейді. Өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша Жол картасы әзірленді. "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында облыс кәсіпорындары кезең-кезеңімен электронды форматқа көшуде. Жұмыс істеп тұрған 162 ірі кәсіпорынның 149-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттарды енгізді - бұл 92%, - деп хабарлады Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Оның айтуынша, кәсіпорындарда өндірістік кеңестер де бар. Еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын анықтау үшін өндірістерге аттестаттау жүргізілді.

Кеңесте тәлімгерлік институтын жандандыру және халықтық бақылауды енгізу қажеттілігі туралы айтылды.

ҚР ЕХӘҚМ Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша Жол картасын орындау бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды. Жазатайым оқиғалар орын алған әрбір кәсіпорын бойынша нақты жоспар әзірленуі тиіс. Ербол Нұрғалиев кәсіпорындарды VizionZero халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығының бағдарламасына қосу жөніндегі ақпараттық науқанды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің делегациясы Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында өндірістік жарақаттану қаупі жоғары бірқатар кәсіпорындарға барды.