Қарағандыда қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жүргізудің жаңа тәртібі түсіндірілді

Қарағандыда қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жүргізудің жаңа тәртібі түсіндірілді

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап кәсіпкерлерге СТ-KZ және индустриялық сертификаттар қажет болмайды. Енді отандық тауардың шығу тегін растау үшін сертификат алудың қажеті жоқ – бұл процестің барлығы автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асады. Қарағанды облысының кәсіпкерлеріне Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жүргізудің жаңа ережелері таныстырылды.

Ақпараттық кездесу ҚР Индустрия және құрылыс министрлігінің қолдауымен «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ бастамасымен өткізілді. Бұл – кәсіпкерлерге арналған оқу форматындағы іс-шаралар сериясының бір бөлігі.

Жаңа ережелерге сәйкес, тізілімге енген кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізе алады, сонымен қатар мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі – бұл еліміздің электронды үкімет жүйесінің бір тармағы. Онда отандық кәсіпорындар мен олардың шығаратын өнімдері туралы толық ақпарат жинақталған. Тізілімге енген компаниялар автоматтандырылған тексеруден кемінде тоқсанына бір рет өтіп отырады.

Қарағанды кәсіпкерлері өтінім беру тәртібі, қажетті құжаттар, қолданыстағы ақпараттық жүйелермен біріктіру, сондай-ақ жаңа жүйеге көшу кезінде туындайтын техникалық сұрақтар бойынша нақты жауаптар алды.

2025 жылдың соңына дейін СТ-KZ және индустриялық сертификаттар беру жалғасады. Осы кезеңде берілген барлық құжаттар 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін жарамды болып қала береді.

Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша