
Қарағанды облысында тағы бір гемодиализ орталығы іске қосылды. Ол Осакаровка кентінде орталық аудандық аурухана базасында ашылды. Жоба мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы бойынша іске асырылды.
Орталық тәулігіне 15 науқасты қабылдай алады. Өмірлік маңызы бар емді қажет ететін Осакаров ауданының тұрғындарына енді облыс орталығына тұрақты түрде барып отырудың қажеті жоқ. Бүгінде ауданда осындай 9 науқас бар.
Жаңа орталықта бірінші болып Осакаровка кентінің 47 жастағы тұрғыны Наталья Малозёмова гемодиализ процедурасынан өтті. 11 жыл бойы ол аптасына үш рет Қарағандыға тұрақты түрде барып тұрды.
Аурухана пациенттері дәрігерлерге және облыс пен аудан басшылығына гемодиализ орталығын ашқаны үшін алғыс білдірді. Айта кету керек, ауданның денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық жабдықталуы жыл сайын жақсарып келеді.
Осакаров ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша