
Қарқаралы ауданының брендіне айналған «Қарынши» қожалығы күн сайын 200 литрге дейін табиғи қымыз өндіреді. Ауыл шаруашылығына негізделген бұл кәсіпорын жуырда Астанада өткен BaiQymyz республикалық фестивалінде жүлделі екінші орынды иеленіп, елдің ең үздік ұлттық өнім өндірушілері қатарына енді.

Фестиваль аясында елдің түкпір-түкпірінен келген 50-ден астам өндіруші 30 тоннадан астам қымыз ұсынып, келушілерге әр өңірдің өзіндік ерекшелігімен дайындалған қымыздың дәмін татуға мүмкіндік берді.
Қарқаралы ауданынан келген «Қарынши» қожалығы 900 литр қымыз, 200 келі қазы-қарта мен жал-жая, 40 келі қой еті, құрт пен ірімшік алып келді. Барлық өнім қонақтарға тегін таратылып, қожалықтың ұлттық дәстүрге деген құрметі мен жомарттығы көпшілікке үлгі болды.

— Бұл жеңіс – бүкіл ұжымның маңдай терінің жемісі. Біз тек өнім емес, Қарқаралының болмысын, халқымыздың дәстүрін алып келдік. Мұндай шаралар ауылдағы еңбектің қадірін танытып, ұмыт бола бастаған құндылықтарды жаңғыртуға сеп болады, – дейді «Қарынши» қожалығының басшысы Қайырбек Қыдыралин.

Фестиваль ұйымдастырушылары жеңімпаздарға жалпы сомасы 45 миллион теңге болатын жүлде қорын бөлді. Қарқаралылық қожалыққа берілген 15 миллион теңге өндірісті ұлғайтуға және жаңа технологиялар енгізуге бағытталмақ.
1997 жылы құрылған «Қарынши» қожалығы алғашқы қадамдарын небәрі 10 шақты жылқы, 150 қой және бірнеше сиырмен бастаған. Ұжымда 5–6 адам ғана жұмыс істейтін. Бүгінде шаруашылық көлемі 25 мың гектардан асты, оның 23 568 гектары – жайылым алқап. Жергілікті климат пен жер жағдайына бейімделген егіншілік те жолға қойылған: 200 гектарға бидай, 100 гектарға көпжылдық шөп егілді.

Мал шаруашылығы қожалықтың негізгі бағыты болып қала бермек. Қазіргі таңда мұнда 1500 бас жылқы, 500 ірі қара және 5000-ға жуық қой бар. Қымыз өндіру көлемі – күніне 150–200 литр. Дайын өнім Қарағанды қаласындағы дүкендер мен өңірлік сауда орындары арқылы сатылады.

Жуырда қожалық орналасқан шалғай ауылға 15 шақырымдық электр желісі тартылды. Соның арқасында қысқа мерзім ішінде бордақылау алаңы мен заманауи мал сою пункті іске қосылды. Бұл қадам өндірісті 50 пайызға дейін арттырып, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Қазір шаруашылықта 30-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Алдағы жоспарлар да ауқымды: етті ұзақ уақыт сақтауға арналған өндірістік мұздатқыш камералар орнату, өнім өңдеу желісін кеңейту және қымыз өндіру көлемін бірнеше есеге арттыру көзделіп отыр.
Қарқаралы өңірі табиғи байлығымен ғана емес, ұлттық өнім өндірудегі ілгері бастамаларымен де ерекшеленіп отыр. «Қарынши» сынды шаруашылықтар тек экономикаға үлес қосып қана қоймай, ұлттың рухани байлығын сақтау ісінде де маңызды рөл атқарады. Бұл — ауыл еңбеккерінің адал еңбегі мен жерге деген сүйіспеншілігінің нақты көрінісі.