Жеті би – жеті марапат: «Шұғыла» ансамблі республикалық байқаудың гранд-финалына өтті

Жеті би – жеті марапат: «Шұғыла» ансамблі республикалық байқаудың гранд-финалына өтті

Шымкентте өткен «Ұлы дала ұрпағы» атты республикалық өнер байқауында Нұра ауданынан барған «Шұғыла» би ансамблі қазылар алқасы мен көрермендердің жоғары бағасына ие болды. Ұжым жеті хореографиялық қойылым ұсынып, нәтижесінде байқаудың барлық жүлдесін, соның ішінде Гран-при жүлдесін иеленді.

Алты жастағы Нұрай Сайранованың екі жеке орындауы бірінші және екінші орындарға ие болды. Ұйғыр биі мен «Бабалар мұрасы» атты қазақша хореографиялық қойылым байқаудың ең жоғары марапаты – Гран-приге лайық деп танылды. Ансамбльдің өзге де билері жүлделі орындарға ие болды: заманауи би – бірінші орын, испан биі – екінші, ал ұлттық қазақ биі «Қара жорға» – үшінші орынды иеленді.

Әсіресе «Бабалар мұрасы» қойылымы ерекше әсер қалдырды. Қазылар назары арнайы осы би үшін әзірленген ерекше киім үлгілері мен өзгеше бас киімдерге ауды.

— Біз бұл байқауға ұзақ дайындалдық, әр нөмірге жанымызды салдық, — дейді ансамбль жетекшісі Нұрқұлан Хасымхан. — Еңбегіміздің еленгені қуантады. Байқау деңгейі өте жоғары болды, еліміздің барлық өңірінен келген мықты ұжымдар қатысты. Соған қарамастан, біздің ансамбль даралана білді.

Байқау қорытындысы бойынша, балалар шығармашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін Нұрқұлан Хасымханға «Үздік педагог» төсбелгісі табысталды.

Енді жас өнерпаздар Алматыда өтетін байқаудың гранд-финалына Қарағанды облысының атынан қатысуға дайындалуда.