
Қарағанды облысында құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған бағдарламаның қорытындысы шығарылды. Осы кезеңде ұрлық саны айтарлықтай төмендеді. Құқықтық тәртіпті жақсарту үшін бейнебақылау жүйесін жаңарту жоспарлануда. Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек одан әрі іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.
- Бейнебақылау камералары - қылмыстарды ашудың ең тиімді тәсілдерінің бірі. Облыста барлық құқық бұзушылықтардың 46%-ын құрайтын ұрлық-қарлық жиілеп кетті. Мысалы, камералардың арқасында өткен жазда LandCruiser200 автокөлігінің ұрлануы жедел түрде ашылды. Қаладан шығараберісте және кіреберістерде бақылау жүйелерінің санын көбейту керек. Бұл ұрланған машиналар мен малды басқа өңірлерге немесе шет елдерге қайта сату үшін шығару жағдайларын жедел ашуға көмектеседі, - деді Қарағанды облысы бойынша полиция департаменті басшысының орынбасары Әбіл Әбілдин ведомствоаралық комиссияның онлайн режиміндегі отырысында.
Өңірде барлығы 6 586 бейнебақылау камералары бар. Олардың кейбіреулері мектепке дейінгі мекемелерде, қоғамдық орындарда және жолдарда орнатылған. Адамдар көп жиналатын орындарда - автобус аялдамаларында, саябақтар мен гүлзарларда - мыңнан астам бейнебақылау жүйелері орналасқан. Жабдықтарды жаңартып, қылмыскердің бет-әлпетін тану жүйесі бар заманауи камераларды орнату ұсынылды.
Ведомствоарадық комиссия отырысында мал ұрлығы, жол-көлік оқиғаларының жағдайы талқыланды.
- Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі келесі жылдарға арналған бағдарлама жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Оған барлық айтылған ұсыныстарды - камералар, малды чиптеу және т.б. қосу қажет. Бұл қажетті бағдарлама. Оны әзірлеуге бір ай уақыт беремін, - деп қорытындылады Жеңіс Қасымбек.
Өңір басшысы қоғамдық көліктің қатысуымен болатын ЖКО-ның алдын алуға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.