"Айбын-2020" әскери-патриоттық жастар жиыны онлайн-форматта өтуде

"Айбын-2020" әскери-патриоттық жастар жиыны онлайн-форматта өтуде

28 қыркүйекте "Айбын-2020" VI Республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны басталды. Ол алғаш рет онлайн-режимде өтуде, бұл елдегі шектеу санитарлық-эпидемиологиялық шаралармен байланысты. Командалар өздерін виртуалды алаңда таныстырады.
Республикалық жиынға еліміздің барлық өңірлерінен 39 команда - 600-ге жуық адам қатысуда. Олар "Жас Ұлан" республикалық мектептерінің, өңірлік әскери мектеп-интернаттарының, Қарулы Күштердің әскери-патриоттық клубтарының, ҰҚК Шекара қызметінің, ІІМ Ұлттық ұланының, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тәрбиеленушілері.
- Адал және табанды күресте жеңіске деген үміттеріңізді жоғалтпаңыздар, бірақ бастысы - жеңіс емес, осы процесте сіздер үйренетін ептілік және жетілдіре алатын дағдылар, - деп Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаев онлайн-жиынға қатысушыларды құттықтады.
Үйлестіру мақсатында Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында фронт-кеңсе құрылды. Барлық командалардың қойылымдары көрсетіледі. Іс-шараны өткізу үшін веб-сайтты және Aibyn мобильді қосымшасын қамтитын Aibynonline.kz онлайн-платформасы әзірленді.
Іс-шараны жариялау үшін Аibyntv студиясы ашылды. Репортаждарды "Жас сарбаз медиа" шығармашылық тобының жас тілшілері жүргізеді.
Қарағандының №58 ЖББМ-де ҚР Қарулы Күштері Әскери полиция бас басқармасының "Жас Ұлан" әскери-патриоттық клубы орналасқан. Өткен жылы "Спасск" оқу полигонында өткен мерейтойлық бесінші жиында жасұландықтар үшінші орынға ие болды.
Кадеттерге Қарағанды гарнизонының әскери полиция бөлімінің әскери қызметшілері тәлім береді.
- Команданың сапалы дайындығына баса назар аударамыз. Биылғы жылғы жиындарда жаңашылдық тек өзгеше формат қана емес, сонымен қатар байқаулардың бірінде жеңімпаздарды қазақстандықтар дауыс беру арқылы анықтауымен байланысты болды, - деп атап өтті аға лейтенант Ғазиз Нұрқанов.
Жарыс бағдарламасына Еріктілер жылына арналған Biz birgemiz челлендждер байқауы енгізілді. Командалар бейнені әлеуметтік желілерде орналастыруы керек, сонымен қатар оны мобильді қосымшаға жүктеуі тиіс.
Сондай-ақ, әскери-қолданбалы спорт түрлері, робототехника бойынша жарыстар өтеді. Кадеттер "Айбын дарыны" зияткерлік ойынына, "Айбын жұлдыз" шығармашылық байқауына қатысады.
Жиын бір айға созылады. Марапаттау рәсімі ҚР Тұңғыш Президенті Күні қарсаңында 30 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Онда жеңімпаз командалардың капитандары шақырылады, ал барлық өңірлер бейне байланыс арқылы бас фронт-кеңсеге қосылады.
Естеріңізге сала кетейік, "Айбын" республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Негізгі мақсат - Қазақстан Республикасында әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіру болып табылады.