
Қарағандыда ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті депутаттарының көшпелі отырысы өтті. Оған облыс әкімі Жеңіс Қасымбек, жергілікті атқарушы органдардың, өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері, өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары қатысты.
- Біздің Қарағанды облысына сапарымыздың мақсаты - Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді іске асырумен танысу. Үкіметтің алдына жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 2025 жылға дейін 35%-ға дейін арттыру міндеті қойылды. Осы отырыста біз проблемалық мәселелермен танысып, сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдағымыз келеді, кәсіпкерлікті дамытуға заңнамалық деңгейде қалай көмектесуге болатынын талқыламақпыз, - деді комитет төрағасы Дәурен Әділбеков.
ТЖ және карантин кезеңінде Қарағанды облысы экономика өсімін сақтап қалды, деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. Кәсіпорындар жұмысты тоқтатпады және өндірісті көбейтті.
- Біздің облыс индустриялық аймақ болып табылады. Жалпы өңірлік өнімнің 50%-ы өнеркәсіпке тиесілі. Біз қиын кезеңді еңсере алдық – мұны сегіз айдың қорытындысы көрсетіп отыр, - деп атап өтті өңір басшысы. - Өнеркәсіп өндірісі 2,6%-ға өсті. Облыста 12 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 2 трлн теңгеге 45 инвестициялық жоба іске асырылуда. Биыл алты жаңа кәсіпорын ашылып, тағы алты кәсіпорын іске қосылады.
Сонымен қатар, орталық деңгейде шешуді талап ететін проблемалар бар. Қарағандылық кәсіпкерлер машина жасау, жер қойнауын пайдалану, жеңіл өнеркәсіп салаларына қатысты сұрақтар қойды.
- Біз облыста бірқатар өндірістерді қарадық. Көптеген кәсіпорындар таң қалдырды. Олар "Индустрия 4.0" курсына толық жауап береді, бәсекеге қабілетті өнім шығарады. Кәсіпкерлермен кездесіп, олардың сұрақтарын тыңдадық. Олардың барлығы біздің заң шығару қызметімізде ескерілетін болады. Бізде заңнамалық бастама бар және біз жаңа заң жобасының авторы ретінде әрекет ете аламыз, - деп атап өтті сенатор Ерік Сұлтанов.
Көшпелі отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілетін ұсынымдар пакеті әзірленді. Ұсыныстар Машина жасауды дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасына, ЕЭА қызметіне қатысты. Сенат депутаттары Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамаға өзгерістер енгізу қажет деп санайды.
Сенаторлар Қарағанды облысына жұмыс сапарының екінші күні "АрселорМиттал Теміртау" АҚ металлургия комбинатына, "Борусан Макина Қазақстан" кәсіпорнына, "Maker" ЖШС құю-машина жасау зауытына барды. Комитет мүшелері сондай-ақ Қарағанды фармацевтикалық кешенінің қызметімен танысты.