
Қарағанды облысында шегірткемен күрес бойынша жоспарлы науқан мамыр айында басталды. Алдын алу жұмыстары белсенді жүргізілуде, жағдай облыстық штабтың бақылауында. Бүгінгі таңда итальяндық прусқа қарсы жоспарланған 59 мың гектардың 55 мыңнан астам гектары қамтылды. 20 мың гектардан астам алқап топтық емес шегірткеге қарсы өңделген.

Зиянкестермен күрес әуеден де, жерден де жүреді. Тоғыз жер үстіндегі шашыратқыш, екі аса жеңіл ұшақ, дельтаплан және төрт агродрон іске қосылды. Химикаттар қоры жеткілікті.

Бұдан басқа, Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы филиалының мамандары ауыл шаруашылығы алқаптарына мониторинг жүргізуді жалғастыруда. Биыл жалпы 5,4 млн га зерттеуге жатады.

Сондай-ақ қауіпті зиянкестерді анықтауға бірлескен зерттеулер жүргізу үшін шекара маңындағы облыстармен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды.
