
Ертең Балқашта маусымның басты оқиғасы - Balkhash Tour Fest басталады. Туристік қалада фестиваль дәстүрге айналып, үшінші рет өткізіліп отыр. Жыл сайын бағдарлама толығып, қызықты бола түсуде. Өткен жылы фестиваль 30 мыңға жуық адамды жинады, биыл одан да көп болады деп күтілуде. Қонақтарға көптеген қызықты спорттық және шығармашылық жарыстар, бұқаралық жүзу, конкурстар мен жүлделер, лазерлік шоу, эстрада жұлдыздарының концерттері және т.б. әзірленді. Желкенді регата да болады. Фестиваль соңында - мерекелік отшашу.
Balkhash Tour Fest екі күн бойы өтеді: 20 және 21 маусымда, Балқаш көлінің жағасында, Ақшағыл (Рембаза) кентінде.
Шара жас мөлшеріне қарамастан барлық қонақтарға қызықты болмақ. Ата-аналар балаларымен бірге құмнан сарай салады. Жас көрермендер үшін - «Көк трактор» шоуы.

Отбасылық эстафеталар мен конкурстар, жарқын кросс болады. Қазы бургерлерді жылдам жеу бойынша байқау ұйымдастырылады. Сондай-ақ, ең үлкен қазы бургер дайындауда рекорд орнатылмақ.
Ашық аспан астындағы кинотеатр аймағы, дойбы және шахмат ойнауға арналған шатырлар, балаларға арналған батуттар, сауда және тамаққа арналған күркелер қарастырылған.

Фестивальде «Килиманджаро» тобы, қазақстандық эстрада жұлдыздары Qanay, Қайрат Баекенов және рэп орындаушысы Nazima өнер көрсетеді.
Бағдарламада тек ойын-сауық қана емес. Фестиваль аясында жастар мен еріктілер форумы, туризм саласының өкілдеріне арналған семинар-тренинг, «Екінші өмір» экологиялық акциясы өтеді.
Фестиваль баршаға ашық: кіру тегін.
Демалушылардың қауіпсіздігі үшін құтқарушылар, дәрігерлер мен полицейлер кезекшілік етеді.
Қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы болуы үшін 20-21 маусымда таңғы сағат 9:00-00:15 аралығында фестиваль алаңына дейін тегін автобустар жүретін болады. Маршрут: Автостанция - Металлургтер мәдениет үйі - 17 квартал - Ақшағыл (Рембаза). Аралық 5 минутты құрайды. Қоғамдық көлікте «Tour Fest» арнайы ақпараттық тақтайшалары орналастырылады. Көлік кептелістерін болдырмау үшін қала әкімдігі «Санторини» демалыс аймағына қарсы орналасқан аумақта тегін тұрақ ұйымдастырады.
Толық екі күндік Balkhash Tour Fest бағдарламасы осында.