
Қарағанды облысының медициналық мекемелері коронавирустық инфекцияның ықтимал екінші толқынына қаншалықты дайын екенін Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Гиният тексерді. Ол №3 емхана мен өңірдің инфекциялық-провизорлық госпитальдарының жұмысымен танысты.
№3 емханада министрдің орынбасары тонометрлер, жылу тексергіштер, қорғаныс құралдары және басқа да медициналық жабдықтарды қарап шықты.
Осы уақытта медициналық мекемеде балаларға қосымша тамақтану режимін енгізу бойынша шеберлік сабағы өтті. Ажар Ғиният бұрын педиатр болған, сондықтан ол жаттығуға қызығушылық танытты. Оған сондай-ақ отоакустикалық эмиссия – жаңа туған нәрестелердің есту қабілетін тексеруге арналған аппарат көрсетілді. Сонымен қатар баланың даму кабинетін тамашалады.
Содан кейін Ажар Ғиният облыстық клиникалық аурухананың инфекциялық-провизорлық госпиталіне барды. Вице-министр провизорлық және инфекциялық бөлімшелердің, сондай-ақ компьютерлік томография кабинетінің жұмысымен танысты.
Сонымен қатар профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы клиниканың әзірге жұмысы тоқтатылған инфекциялық стационары да оның назарынан тыс қалмады.
Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының ахуалдық орталығында Денсаулық сақтау министрінің орынбасарына КВИ мониторингі бойынша құралдар мен Covid-19 бойынша есеп беру нысандары көрсетілді.
Сапар соңында вице-министр Қарағанды облысының Денсаулық сақтау басқармасында кеңес өткізді, онда өңірдің КВИ екінші толқынына дайындық дәрежесін бағалады және пандемия кезінде медицина қызметкерлері еңбегінің ерекше маңыздылығын атап өтті.
- Дәрігер қоғамда көбірек бағалана бастады, - деді Ажар Ғиният. - Ел президенті медицина қызметкерлерінің еңбегіне көп көңіл бөледі, жалақы өсуде. Біз бұл сенімді ақтауымыз керек.
Жалпы, министр орынбасарының айтуынша, Қарағанды облысы эпидемиологиялық жағдайдың асқынуына дайын.