
Қарағандылықтар демалыс күндері су қоймаларының жағалауларынан қоқыс жинап, ағаш отырғызды. Экологиялық сенбіліктер Дүниежүзілік тазалық күніне (World Clean Up day) орайластырылды.
Қарағандыда акция Федоров су қоймасында өтті. Оған еріктілер, экологиялық белсенділер, қоғам қайраткерлері, кәсіпорын қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер қатысты. Жағалау аймағында ағаштар отырғызылды.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастамасымен "Сұрыпта, тапсыр, қайта өңде!» атты акция ұйымдастырылды. Оның қатысушылары Тихоновка орман екпесінде қоқыс жинап, оны бірден сұрыптады. Қаптарға пластик, шыны, алюминий және аралас қалдықтар бөлектеп салынды. Содан кейін мұның бәрі қайта өңдеуге жіберілді.
Экологиялық сенбіліктер барлық қалалар мен аудандарда өтті. Жезқазғанда Кеңгір су қоймасының жағалауы қоқыстан тазартылды. Акция осы жылы өңірде жарияланған "Кеңгір - баршаның қамқорлығы" жобасының логикалық жалғасы болды. Жезқазғандықтар ортақ күш-жігермен жағалауды ретке келтіруде.