Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің мүшелері "Атамекен" ҰКП Төралқа басшысы Тимур Құлыбаевпен бизнес мәселелерін талқылады. Кездесу онлайн форматта өтті. Қатысушылар өзекті мәселелерді көтеріп, оларды шешу жолдарын ұсынды.
Естеріңізге сала кетейік, сайлау нәтижесінде өңірлік кеңестің құрамы жаңартылды.
Сұрақтардың басым бөлігі карантин мен локдаунның салдарымен байланысты болды. Кездесуде бизнесті қолдау құралдары туралы айтылды.
"Инкар-1" ЖШС құрылтайшысы Қуандық Нұрпейісов өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын одан әрі әртараптандыру қажеттігіне назар аударды.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың соңына дейін "Өнеркәсіптік саясат туралы" бірыңғай заң әзірлеу міндетін қойды. Ол өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың негізгі қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін айқындауға тиіс. Бұл бастаманы Қарағанды облысының өнеркәсіптік кәсіпорындары толық қолдайды, - деп атап өтті ол. - Қолдаудың нақты шараларын заңнамалық тұрғыдан бекіту қажет деп санаймыз: жеңілдікті қаржыландыру, салық преференциялары, заттай гранттар, ішінара кепілдік беру, экспорттық қолдау тетіктері және басқалары.
ҚР Қылмыстық кодексінен "Жалған кәсіпкерлік туралы" бапты алып тастау - "Атамекен" ҰКП жетістіктерінің бірі. Алайда сұрақтар әлі де бар. "АӘК" ӨК басшысы Төлеген Әшімов құрылыс фирмаларына қатысты негізсіз қылмыстық істер туралы айтты.
Құрылыстағы сметалық нормалардың өзгеруіне байланысты проблеманы "Қазақстан Республикасында жеке кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу қауымдастығы" ҚБ президенті Владимир Быков көтерді.
Тимур Құлыбаев бірде-бір мәселе орталық аппараттың назарынан тыс қалмайтынына сендірді.
Қарағанды облысының Кәсіпкерлер Палатасы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша